Алаш қозғалысы сол тұстағы қазақтың саясат скачать
23.03.2010, 15:04
Алаш қозғалысы сол тұстағы қазақтың саясат, әдебиет, өнер қайраткерлерін, дінбасыларын, оқымыстыларын, бақуатты азаматтарын медицина, техника, ауыл шаруашылығы, экономика, заң, әскери салалардағы мамандарын топтастыра отырып, өздері өмір сүрген тарихи-қоғамдық болмысқа реформа жасауды мықтап қолға алған, жігері мен сенімі жеткілікті, бағдарламасы айқын, мақсаты зор қозғалыс болатын. Алаш қозғалысының көпжылдық тарихында және облыстық, жалпықазақ сиездерінде Алашорда үкіметінің жұмысында үнемі басты назарда болған мәселенің бірі – жер мәселесі. Оны Алаш көсемдері өте жақсы түсінген болатын. Айталық, сол дәуірде Ә.Бөкейхан: «Жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің ең зоры» деген болатын. Бірінші жалпықазақ сиезінің қаулысында: «Қазақ халқы өзіне еншілі жерге орнығып болғанша қазақ жері ешкімге берілмесін» делінсе, бұл «Алаш» партиясының бағдарламасында: «Учредительное собрание негізгі закон жасағанда жер сыбағасы алдымен жергілікті жұртқа берілсін деу; қазақ жер сыбағасын отырған жерлерден алып орнасқанша, қазақ жеріне ауған мұжық келмеу» делініп бекітіле түсті. Ашашорда үкіметі автономия жариялай отырып, оның бірінші бабында: «Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқанд облыстарындағы һәм Әмудария бөлімдеріндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы һәм Алтай губерниясындағы іргелес облыстардың жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыз қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан, өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға...» деп жер тұтастығын басты мәселе ретінде бекітті. Алашорда үкіметі 1918 жылы 24 маусымда «Алаш автономиясының жерінде жер пайдалану туралы Уақытша Ереже» өзінің мазмұны мен пәрмені жағынан маңызды құжаттардың бірі болды. 11 баптан тұратын бұл Ережеде жерді пайдаланудың негізгі тәртібі көрсетілді. Алаш қозғалысының, Алашорда жетекшілерінің аса ірі тарихи еңбегі қазақ жерін сақтап қалуымен байланысты. Осы күнгі Қазақстан Республикасы жерінің тұтастығы мен сақталып қалуында Алаш қайраткерлерінің орасан зор еңбегі жатыр. Олардың кеңес үкіметінің басшыларымен келіссөздері, әсіресе, А.Байтұрсынұлының осы бағыттағы қажырлы еңбегі кейін, Қазақ автономиялық советтік социалистік республикасын құру кезінде осы автономияның аумағын белгілеуде шешуші маңызға ие болды. Қозғалыстың өрістеуіне ақын-жазушылардың қаламгерлік те, қайраткерлік те үлестері айрықша болды. Біздің ойымызша, Алаш қозғалысы дәуірі – ұлттық жазба әдебиетінің тарихындағы ерекше жылдар. Қазақтың жазба әдебиетінің өмірге келуінің бастапқы кезеңі Абай заманымен байланысты болғанымен, оның буыны бекіп, бұғанасы қатуы ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарына келеді. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы жазба әдебиетке Ыбырай Алтынсарин, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Нарманбет Орманбетұлы т.б. кейбір жекеленген әдебиет өкілдерінің шығармашылығы мысал бола алса, келесі ғасырдың басында жазба әдебиет өкілдерінің саны еселеп артты. Жазба әдебиеттің жарық көретін қалыптары – баспасөз, кітап басу ісінің дамуы жазба әдебиетті өркендете түсті. Ендігі жерде әдебиет оқырманға арнала бастады. «Айқап» журналы, «Қазақ» т.б. газеттер көркем ойды мыңдаған оқырманға жеткізушіге айналды. Үшіншіден, көркем проза, драма, әдеби сын үлгілері туып қалыптасты. Әдеби сынның қалыптасуы, оның шығармаға, әдеби мұраға, әдеби процеске баға беруі – жазба әдебиеттің есейе бастағандығының айғағы болды. Абай шығармаларының тұңғыш жинағының жарық көруі – жазба әдебиеттің қалыптасуына игі ықпал етсе, Міржақыптың «Оян, қазағы!», Ахаңның «Масасы» әдебиеттегі ұлтшылдық, елшілдік ұрандарды күшейтті. Сөйтіп, бұл жаңашыл дәстүрді Жүсіпбек, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Мұхтар, Бейімбет секілді жас дарындар соны көркемдік сапада, тың қырынан жалғастырып әкетті. Соның нәтижесінде, Алаштың қалам қайраткерлері қазақтың тұңғыш романдары мен драмалық шығармаларын, алғашқы әдеби-сын мақалаларын дүниеге келтірді. Қазақтың сөз өнерін жанрлық жағынан да, идеялық-көркемдік жағынан да байытып, жазба әдебиетін қалыптастырды. Шамасы он-он бес жылдың ішінде Алаш қаламгерлерінің ерен қабілеті, ұлтына деген ерекше махаббаты, туған жұртының бүгінгісіне көңілі толмаған күдігі мен азат болашағына сенген үміті кейінгілерге үлгі боларлық әдеби туындыларды өмірге әкелді. Алаш ұранды әдебиеттің беті мен екпіні, бағыты мен мазмұны Ахаң бастаған қазақ ақын-жазушыларының ұсталып кеткен кезеңіне дейін, яғни 1920 жылдардың соңына дейін жалғасты. Сол екпін, сол бет, сол бағыт қашанда ұлтына перзенттік сүйіспеншілігі мен адалдығын сақтаған қаламгерлердің шығармашылығында баяу болса да қан тамырындай бүлк-бүлк соғып жатты. Алаштық саралы жолдан ауытқыған советтік әдебиет әсіре қызылдың тез оңатынын сезбестен, адамға емес, саясатқа қолбалалық, құлдық сапарын айғай-шумен, беттен алумен бастап, бір кісінің ғұмырындай ғана өмір кешті. Әуелден таза, әуелден көркем, әуелден адамға, ұлтқа деген жанашырлық пен ізгілікке, шуақ пен мейірімге толы «Алаш әдебиеті» аталатын алып бәйтерек қайта жаңғырып, ізгілік тұқымдарын шаша бастады. Ендігі жерде қазақ баласы жасағанынша жасайтын оның байтақ та баянды мәңгілік өнегелі сапары басталды. Қандай ұлттың болмасын мәдени деңгейін көрсететін факторлардың бірі – театр өнерімен байланысты екендігі мәлім. Бұл жолда да Алаш зиялылары «тұңғыш деген» атаққа ие. Айталық, Б.Серкебаев, М.Әуезов, Ж.Аймауытов қазақтың алғашқы драмалық шығармаларын жазса, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» тұңғыш театрлық қойылым болғаны белгілі. Ал, Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасымен мемлекеттік ұлт театры тұңғыш шымылдығын ашқан болатын. Жалпы өз заманында Алаш өкілдері ұлт мәдениетін, өнерін танытуға, насихаттауға қатысты бірқатар тағылымды шаралар атқарды. Алаш қайраткерлерінің тіл саласындағы тағылымын биік бір асқарға теңесе болғандай. Сол асудың төңірегінде Алаш зиялыларының қазақ тілін дамытудағы еңбектерін ерекше бөле-жара айтуға болады. Алаш зиялыларының дербес мемлекеттілікке ұмтылыстарында қазақ тілінің мәртебесі туралы да ойлар менмұндалап тұрды. Оны олардың сол тұста жазған мақалаларынан және А.Байтұрсынұлының, С.Сәдуақасұлының Оқу комиссариатында басшылық еткен кезіндегі іс-қимылдарынан аңғаруға болады. Тіл – ұлт руханиятының негізгі өзегі екендігі де Алаш зиялыларының қоғамдық ойларынан және көркем шығармашылығынан көрініп жатты. Тілдің қоғамдағы орны мен рөлі жөніндегі қисынды пікірлер Ахаң бастаған алашшылдардың мақалаларынан көрініп жатты. Сондай-ақ, туған тіл тақырыбы ұлтты ұйыстырушы, халықтың төл болмысын айқындаушы фактор ретінде қазақ поэзиясында, әсіресе, М.Жұмабаев, С.Торайғыров өлеңдерінде ерекше леппен жырлана бастады. Абай заманында өмірге келіп, өркен жая бастаған жазба әдебиеттің нағыз бағбаншылары Алаш ұранды әдебиет өкілдері болды. А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ғ.Қараш, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, М.Әуезов, Қ.Кемеңгерұлы, Б.Күлеев т.б. Алаш қозғалысының белді, белсенді мүшелері қазақтың жазба әдебиетін тақырыптық-идеялық, жанрлық, көркемдік тұрғыдан байытты, кеңітті. Яғни, негізінен ауызша айтылып, тыңдалып жүрген көркем сөз үлгілері хатқа түсіп, жазу түрінде газет, кітап беттеріне көше бастады. Бұл әдебиеттің өмір сүру, таралу типін ғана өзгертіп қоймай, ең бастысы, жазудың мәдениетін арттырды. Көркем ойды жеткізудің тілдегі стилистикалық мүмкіндіктерін еселеді. Соған орай жаңа көркем түрлер пайда болды, тың сөз тіркестері мен сөйлемдер жасалды. Жазба әдебиет үлгілері дайындықпен, қажетті материалдар жинаумен, ұзақ толғанумен жазылатын дүниелер болғандықтан, мұнда ұлт тілінің барлық байлығы мен бейнелілігін сарқа пайдалануға зор мүмкіншіліктер туды. Туған тілінің осы мүмкіншіліктерін тумысынан талантты, ұлтына ұлы махаббаттары табиғи Алаш ұландары ұтымды пайдалана алды. Сөйтіп, қандай да бір қасаңдықтан ада, адами құндылықтарды ту еткен, халқының халіне, ұлтының ұйысуына зерек ой, адал ниетпен көмкерілген көркем туындылар дүниеге келді. Бұл «Алаш әдебиеті» деп аталатын жаңа әдеби дәуірдің бастапқы кезеңдерінде ұраншылдық, насихатшылдық басым болғанымен, шамамен жас дарындар Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Әуезовтердің шығармалары жазыла, жарық көре бастаған тұстан бері қарай көркемдігі кемел дүниелер бой көрсете бастады. Осы эволюциялық жол – Алаш әдебиетінің тез өсіп, жедел жылдамдықтармен ілгерілегенін көрсетеді. Оның мысалы, «Оян, қазақ!» пен «Батыр Баян», «Қорғансыздың күні», «Ақбілек» аралықтары. Қазақтың жазба әдеби тіліндегі публицистикалық стильдің қалыптасуы 1905-1918 жылдар аралығында баспасөз құралдарының көбейе түсуімен түсіндірілетіндігі белгілі. Осы тұстағы баспасөз беттерінен тіліміздегі публицистикалық стильдің қалыптаса бастағанын көреміз. «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Алаш», «Жас азамат» газеттерінен және «Айқап» журналынан т.б. баспасөз құралдарынан қазақ сөзінің қоғамдық-әлеуметтік саланың әртүрін көрсететін лексиканың стильдік реңктерге ие бола бастағанын байқаймыз. Осы баспасөз беттерінде саяси-қоғамдық лексикамен бірге, мәселен, жаңа мазмұндағы салтанатты стильдің де ерекше үлгілерін аңғарамыз. Алаш қозғалысы қазақтың жазба тіліндегі құжат тілінің де белгілі бір қалыптарын түзді. Айталық, уездік, облыстық, жалпықазақ сиездерінің хаттамалары, қаулылары, «Алаш» партиясының бағдарламасы, қатынас хаттары құжат тілінің жаңа бағыттағы лексикасын қалыптастырды. Бұған қоса, Алаш қозғалысы дәуірінде эпистолярлық жанрдың қауырт дамығанын әбден аңғаруға болады. Ә.Бөкейханның, А.Байтұрсынұлының, М.Шоқайдың, М.Тынышбаевтың, Ж.Сейдалиннің, Х.Досмұхамедұлының, М.Дулатовтың т.б. хаттары осы жанрдың тарихындағы үздік үлгілер. Жазба әдебиетіміздің тарихындағы алаштық кезеңді зерттеуде қазақ лексикасының зор мүмкіндіктерін айқындайтын мысалдар жеткілікті. Сөз қолдану, ұғымды беру, тың сөз тіркестерін жасау – олардың ұлттық ойлау жүйесін, сондай-ақ Батыс пен Шығыс ілімін ізденгіштікпен зерделегенін байқатады. Алаш қайраткерлері мен қаламгерлерінің бұл жоралы жолы із-түссіз кеткен жоқ. Оның тамаша дәстүрлері өзінен соңғы сырты советшіл әдебиеттен көрініс тауып жатты. Бұл да зерттелуін қалап тұрған үлкен тақырыптың бірі. Алаш қозғалысын қазақ руханиятындағы тағылымды орасан құбылыс болды десек, соның бір парасы – қазақ әдеби тілінің жаңа сатыға көтерілуімен сабақтас. Қазақ қоғамының оянуына, сілкінуіне сол кезеңдегі қазақ баспасөзі өлшеусіз үлес қосты. Бұл қатарда ұлттық қозғалыстың серпінді болуына, қарқынды өрістеуіне зор ықпал жасаған «Қазақ» газеті алдымен аталады. Ахаң басында тұрған бұл ұлы басылым Алаш идеясын қазақ сахарасына тарата отырып, өзінің зор миссиясын абыроймен орындады. «Қазақтан» кейінгі алаштық идеяны Х.Ғаббасов пен Р.Марсеков шығарушылары болған «Сарыарқа» газеті және М.Шоқай шығарған «Бірлік туы» газеті өрістетіп отырды. Бұл газеттер қазақ баласының бойына ұлттық сезімді, ұлттық ождан мен абыройды сіңірді. Қазақ ғылымының тууына Алаш зиялыларының тікелей ықпалы тигені бәрімізге белгілі. Қазақ тіл білімі мен әдебиеттануының басында Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы тұрса, медицина, биология, табиғаттану салаларынан Х.Досмұхамедұлы, математикадан М.Дулатов пен Ә.Ермеков, психологиядан Ж.Аймауытов, педагогикадан М.Жұмабаев, ауыл шаруашылығынан Т.Шонанұлы, Қ.Кемеңгерұлы арнайы еңбектер жазды. Қазақ жазуының, ұлт грамматикасының дүниеге келуіндегі Ахаңның еңбегі айрықша аталады. М.Әуезовтің сөзімен айтсақ: «...Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегін, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын». Алаш зиялылары қазақ ғылымын қалыптастыра отырып, оның терминологиясын да жасағанын және оның өміршең болғанын да атап өткеніміз дұрыс. Алаш қозғалысы қазақтың тарих ғылымын дүниеге әкелді. Өткенді аршу, бағзы өмірдің даму тұстарын санадан өткізу сияқты еңбектер –