| I. Жәнібек пен бала Жәнібек жаяу мал қарап жүрген балаға кез болады. - Шырағым, елсіз жерде неғып жүрсің? –деп сұрайды. - Жалғыз түйемнен көз жазып қалып соны іздеп жүр едім,-дейді бала. - Түйеңді тұсап қойсаң болмай ма? - Түйемнің тұсауы өліп қалып еді, -дейді бала. Ол: «Әкем өліп қалып еді» деген сөзі екен. - Балам, біз қай үйге қонамыз? - Бір қой жеймін десеңіздер, қай үй болса да қона бересіздер! Екі қой жеймін десеңіздер біздің үйге қонасыздар,-дейді бала. - Мынау бір мырза бала екен, осының үйіне қонайық,-дейді ханның қасындағылар. Қонақтар үйге келген соң бала бір буаз саулықты жетектеп келеді. - Шырағым, бойдақ қой жоқ па?-дейді хан. - Мен бойдақ қойдың жоғын мана далада айтпап па едім?-дейді бала. Қонақтар баланың жауабына қайран қалады. Бұл-бала Жиренше еді. («Шешендік сөздер» кітабынан.) Көз жазып қап- жоғалтып; тұсап қою- байлап қою (аяғын); жетектеп келеді-алып келеді; қайран қалады-таңғалады; мана-бағана. 1.Мәтінді түсініп оқып, мәтін мазмұны бойынша сұрақ қойыңдар. 2.Сөз тіркестерін мәтіннен тауып оқып, мағынасын түсініңдер. Кез болады екі қой жеу елсіз жерде мырза бала тұсап қойсаң жетектеп келеді түйемнің тұсауы бойдақ қой бір қой жеу қайран қалады 3. Антоним сөздердің сыңарын мәтіннен тауып, көшіріңдер. Елді жер- сараң- көп- тірі- 4. Сөйлемдердің баяндауышын өзгертіп жазыңдар. 1. Жәнібек балаға кез болады (жолығады, кездеседі). 2.Жалғыз түйемді іздеп жүрмін (жоғалттым, көз жазып қалдым). 3. Екі қой жеймін десеңіздер, біздің үйге қонасыздар (түнейсіздер, келесіздер,жүріңіздер). 5. Синоним сөздерді көшіріп жазып, оларды қатыстырып сөйлем құраңдар. Кез болады, кездеседі, жолығады; Таңданады, қайран қалады; Бағана, мана, бұрын; Шырағым, қарағым, қалқам; Қону, түнеу, демалу; Іздеп жүр едім, қарап жүр едім. Үлгі: Түйемді даладан іздеп жүр едім. Түйемді ауыл арасынан қарап жүр едім. 6. Мәтін бойынша диалог құрастырыңдар. Үлгі: Хан: Шырағым, елсіз жерде не істеп жүрсің? Бала: Жалғыз түйемді іздеп жүрмін... (Жалғастырыңдар) 7. Мәтіндегі тұрақты тіркестерді түсініп оқып, жаттаңдар. Көз жазып қап (жоғалтып,айрылып)- упистить из виду, потерять; тұсауы өліп қалып еді- отца нет (умер). 8.Төмендегі сөздер мен сөз тіркестерін қатыстырып әңгіменің мазмұнын жазып келіңдер. Жәнібек, бала, түйе қарау, тұсап қою, тұсауы өлген, бір қой жеу, екі қой жеу, бойдақ қой, қайран қалады, Жиренше еді. 9. Әңгіме мазмұны бойынша сұрақ қойыңдар. Үлгі: Жәнібек кімге кездесті? Бала қалай жауап берді? (Бала не деді?) 10. Әңгіме мазмұны бойынша сценарий жазыңдар. Үлгі: Ел аралап жүрген Жәнібек хан. Қасында нөкерлері бар. Бәрі атқа мінген. (Әрі қарай жалғастырыңдар.)
|