А.Байтұрсынов: "Қазақ - жоқ iздеген халық" скачать
28.03.2010, 20:08
А.Байтұрсынов: "Қазақ - жоқ iздеген халық", деген екен. Иә, Ахаңдардың заманындағы қазақ баласы бiлiмнен, ғылымнан, өнеркәсiптен ала алмаған еншiсiн iздедi. Әлi де жоқ iздеп жүрмiз. Биiк технологиялардан кенже қалыппыз. Әлемдiк бәсекеге даяр емес екенбiз. Ауаның, судың, топырақтың бүлiнбеген, былғанбаған, таза күйiндегi күндердi аңсаймыз. Ең ауыры – бүгiнгi қазақ өзiн-өзi iздеген, танып болмаған халық. Аты да, заты да бiр қазақ қаншаға бөлiнiп кеткенiн көзбен көрiп, жүрекпен сезiнiп отырмыз. Ал ендi соларды санап көрейiкшi: 1. Бар болмыс-бiтiмiмен нағыз қазақ қалпындағы қазақтар бар. Сақтардан жеткен мұра, байырғы түркiлердiң нақыл сөздерi, қорқыттың күйлерi, Ақан, Бiржан, Шәмшiнiң әндерi бұларға асылдың сынығындай. 2. Кешегi өктем ұлт орыстардың сойылын соғып жүрген қазақтар аз емес. Мұндайларды Шер-ағаң: "Улы империяның улы жемiсi" деген едi. 3. Тiлi, дiлi орыстанып кеткенмен халқына бүйрегi бұратын қазақтарды қаперден шығармағанымыз жөн. Бұлардың бiр бөлiгiне ұлтжандылық сезiм тән. Қазақша сыңар жол өлең жазбаса да О.Сүлейменовты кiм орыс ақыны дей алады? 4. Жаhанданудың салмағына жаншылып, Америкаға, Батысқа шыбындап бас изейтiн, өзiнiкiне мұрынын шүйiретiн қазақтар шықты. 5. Басқа дiннiң ықпалына түсiп, не ол емес, не бұл емес қазақтар саны өсiп келедi. 6. Тарихи отанына сағынышпен жеткенде бауырларының өзiн де, сөзiн де түсiнбей, айран-асыр болып тұрған оралмандарды қайда қоясыз. 7. Жүзге, жерге бөлiну сияқты дерттен айықпаған "ортағасырлық" қазақтар арамызда жүр. 8. Жекешелендiру мен нарықтан қарқ болған "жаңа қазақтар" да бөтенiмiз емес. "Алтау ала болса, ауыздағы кетедi", деген екен бабаларымыз. Ал ондайлар алтаудан да көп болғандықтан жерiмiздiң асты-үстiндегi байлық шетел асып, қулығы мен сұмдығын асырғандардың қанжығасына байланғаны айтудай-ақ айтылды. Бұл – бiр. Екiншiден, этностың өз iшiндегi ала-құлалық ұлттың, мемлекеттiлiктiң болашағына қатер туғызбай қоймайды. Алғашқыда ұлттық тұтастықтан, сонсоң мемлекетiнен айрылудың әкелер қасiретiн – бек ұлдардың құл болатынын, пәк қыздардың күң болатынын осыдан 13 ғасыр бұрын Күлтегiн тасына қашап жазған байырғы түркiлердiң даналығына қалайша бас имейсiз. Кеңестiк жылдары Күлтегiндей дананың айтқаны басымыздан өткенi рас қой. Ендеше Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: "Қазақтың сана-сезiмi өткендегi, қазiргi және болашақтағы – тарихтың толқынында өзiнiң ұлттық "МЕН" дегiзерлiк қасиетiн түсiнуге тұңғыш рет ендi ғана мүмкiндiк алып отыр... Бiрақ бұл мүмкiндiк қана: ол шындыққа, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактiге айналуы қажет", деп жазуында өмiрлiк мәнi бар шындық жатыр. Ұлттық "МЕНДI" қалыптастыратын тетiктер мен жағдаяттар сан алуан. Оған көшедегi қаптаған жарнамалардан бастап, ендi ғана дүние есiгiн ашқан сәбидiң құлағына естiлетiн ән мен үнге дейiн кiредi. Солардың бәрiнiң басын қосатын, бәрiн өгiздей өрге сүйрейтiн құдiрет Ұлттық Идея деп бiлгенiмiз жөн. Ойы онға, санасы санға бөлiнiп отырған қазаққа ортақ ұлттық идеяны таба қою оңай мiндет емес. Ол шiркiн әлi күнге дейiн жоқ та. Ал қажеттiгiн отансүйгiш рухтағы әрбiр қазақстандық азамат сезiнiп отырғаны айдай ақиқат. Армансыз адам - қанатсыз құспен тең, дейдi халқымыз. Ендеше ұлттық идеясыз қала берсек қанатсыз ұлтқа айналарымыз сөзсiз. Ұлттық идеяны таппайынша елде жүрiп жатқан реформалар қарын тойдырудың ғана мiндетiн атқарып шығатындай көрiнедi. Ұлттық идеясы жоқ қазақстанда өмiр сүру қазақтан басқаның бәрiне майдай жағатын шығар, бiрақ түптiң түбiнде өкiнiште қалатыны – қазақтар. Өзiн-өзi жарылқамағанды басқалар ұшпаққа шығарады деудiң еш қисыны жоқ. Көлдей жайылып келе жатқан жаhанданудың табанында жаншылып қалмау үшiн де ұлттық идеяның өзектiгi мен қажеттiгi күн санап артып келедi. Демек қарап отыруға болмайды. Алдымен бiзге қажет ұлттық идеяға қойылатын талаптарды пысықтап алу керек. Бiрiншiден, ол идея Ата Заңымызға қайшы келмеуге тиiс. Яғни нәсiлдiк, ұлттық, дiни, жыныстық кемсiту немесе дәрiптеуден алыс тұрғаны абзал. Екiншiден, ұлттық идея қазақстанның атын анықтап отырған қазақ халқының мұратын ұлықтаумен қоса, басқа диаспоралардың тарихи, дәстүрлi, этникалық ар-намысына тимейтiнi былай тұрсын, қайта соған қуат беретiн факторға айналуын қамтамасыз ететiн болсын. Үшiншiден, ұлттық идеяның хронологиялық бастапқы сәтi белгiлi болғанмен, бүгiн де, ертең де шексiз жүзеге аса беретiнiн баса көрсеткенi жөн. Елдiң iшiндегi, жер-жаhандағы нақты ахуалға байланысты оның көздегенi өзгерiп, нақтыланып отыратыны айтпаса да түсiнiктi жайт. Мәселен, қазiрдiң өзiнде тарихи отанында отырған қазақтар мен диаспора санатында шетте жүрген қазақтардың ұлттық мұраты бiрдей дей алмаймыз. Бiрiншiлерi үшiн қазақстанның бүгiнi мен ертеңi басты мәселе болса, екiншiлерi жүрген ортасында қазақ болып қалу қамын көбiрек жейдi. Уақыт өткен сайын ұлт мұратындағы осынау айырмашылық ұлғаймаса, қабыспайтыны ақиқат. қытайдағы қазақтардың кейiнгi толқыны қытайланып, Түркиядағылар түрiктенiп бара жатқаны белгiлi ғой. Мың өлiп, мың тiрiлумен азаттыққа жеткен қазақтың тағдыранықтағыш ұлттық идеясы қазақстанда ғана өз жемiсiн бере алады. Табиғи-тарихи даму жолдарын әлдеқашан тапқан, iшкенi – алдында, iшпегенi – артында жуан ата елдер үшiн ұлттық идея көп қажеттiлiктердiң бiрi болса, ендi есiн жия бастаған қазақтарға, қазақстанға ұлттық идеяны ұстану бұлжымас заңдылық деп пайымдаймыз. Тап осы заңдылықты сақтамағандықтан да елде тiлге, дiнге, БАҚ-қа байланысты дау-дамайлардың басы қайтпай тұрғанын мойындауымыз керек.