Қыл қобыз - ерте заманнан келе жатқан қазақ халқының екі ішекті ысқышпен ойналатын аспабының бірі. Өзіндік жасырын сыры мол, адамның еркіне көне қоймайтын, күрделі аспап. Ішегі жылқының қылынан жасалады. Қобыз аспабының екі ішектісімен бірге – үш, төрт ішектілер және «нар қобыз», «жез қобыз» деп аталатын түрлері де бар.Қобызды ағаштан шауып немесе құрап жасайды. Беті жартылай терімен қапталады. Ол дыбыстың жаңғырып шығуы үшін керек. Ерте заманда қобызды тек бақсы – балгерлер ғана ұстаған. Халық аңызында қобыздың пайда болуы Қорқыт ата есімімен тығыз байланысты екені де айтылады.