Ықылас “Шыңырау” Ықылас бір күні жолаушылап келе жатып, астындағы атын шалдырып алмақшы болып, жалғыз ағаштың тұбіне келіп аялдайды. Сол кезде ол ағаштың айналасында шыдамсыздана ұшып жүрген бір құсты, бұтадағы ұяда анасына шыр қағып, тағат таппай тұрған балапандарды көреді. Сөйтсе, ұяға қарай бір жылан жылжып барады екен. Ықылас жалма – жан орнынан атып тұрып, жыланды өлтіреді де, суға ағызып жібереді. Құс ұясына келіп қонып, балапандар тынышталады. Ықылыс: ”Озбырдың аты – озбыр, әлсізді жұтып қойғысы келеді. Осыны қобыздың үнімен айтып кетейін. Озбырлардың қара ниет қылықтары халықтың есінде болсын”, - деген ойға келіп, осы күйді шығарады. Күйдегі ре ішегінің ми дыбысынан соль дыбысына дейінгі аралық глиссандо және флажолетамен орындалады. Мұндағы флажолеталармен әсерленген жерлер құстың шыдамсызданғанын, балапандардың шырылдағанын көзге елестетеді.