Ықылас (1843 - 1916) 1993 жыл, қазан айы, Сарысу жерінде қазақ өнерінің жарық жұлдызы қобыз пірі – ұлы композитор Ықылас Дүкенұлының 150 жылдық тойын үкімет қаулысымен бүкіл ел болып тойлады. Сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Өмірбек Байгелді, Сарысу ауданының әкімі Әбдіманап Көпбергенов, қазақ өнері, әдебиеті және мәдениетінің көрнекті қайраткерлері Әбіш Кекілбаев, Асанәлі Әшімов, Илья Жақанов Ықылас атындағы музейдің директоры Ізбасар Балтағұлов Ықыластың тарихтағы алатын орны, өнері, қобызы, оның ұлы ұстаздары мен ізбасарлары, шығарған күйлерінің құдіреті туралы тереңнен ой қозғап, сөз сөйледі. Алматы қаласындағы аспаптар мұражайы Ықылас атымен аталатын болды. Аудан орталығындағы музыка мектебіне, “Шығанақ” кеңшарына Ықылас есімі берілді. Осының бәрі – біріншіден, халқымыздың ірі тұлғасы алдында бас иіп, ұлы бабаға жасалған ұрпақ парызы десек, екіншіден, егемен ел болып өшкеніміз тұтанып жатқандағы халқымыздың еңсесі көтеріліп, болашаққа деген үміттің артқандағы еліміздің қуанышы еді. Ықылас 1843 жылы жеті атасынан қобызшылар әулеті атанған Дүкен қобызшының от басында дүниеге келеді. Ықыластың әкесі Дүкен оның әкелері де және балалары Түсіпбек, Ақынбай қазаққа белгілі қобызшы болған адамдар. Жасы 15 – ге келген Ықылас қобызды толық меңгереді. Әкесінен үйренген халық күйлерін, Қорқыттың күйлерін нақышына келтіріп орындайды. Ұшқан құс, жүгірген аң, аққан су, соққан жел осының бәрі Ықыластың сезімін оятып енді қобызға арнап күйлер шығара бастайды. Ықылас өнерін әрі қарай дамытқан шәкірттерінен Түсіпбек, Әбікей, Дәулет Мықтыбаев, Жаппас Қаламбаев Ықылас өнерін біздің заманымызға өзгертпей жеткізіп қобызды өзінен кейінгі ұрпаққа үйретіп кетті.
|