Все рефераты Казахстана Среда, 23.05.2012, 05:38

Приветствую Вас Гость | RSS
Главная | Тегін қазақша рефераттар | Регистрация | Вход
Тегін рефераттар


Интересное

Главная » Рефераты » Тегін қазақша рефераттар » Музыка

Бесік - алтын қазына

Бесік - алтын қазына скачать

28.03.2010, 15:10
“Ел болу үшін, бесігіңді түзе” – деген нақыл айтып кеткен Мұхтар Әуезов атамыздың бұл бір сөзіне ой жүгіртсең, елдің сапасы сонау бесік тәрбиесімен байланысы зор екенін айтады. Қазақ даналығының алтын қазынасы тіл мен тәрбиеде жатқаны анық. Ғасырлар бойы көшпелі қазақ жұртының өмірден жиған тәжірибесі, бүгінгі күнде Қазақстан Республикамыздың тағдырына үлкен үлесін қосуда.
Ал енді, бесік атауының шығуына байланысты тлші – ғалым Ә.Нұрмағамбетов былай дейді: “Нәресте жататын төсекті ана тілімізде “бесік” деп атайтынын білесіңдер. Қазақ сөзінде без, безек, безілдеу, безу, безеу, безгілдек, безбен т.б. толып жатқан төл сөздер бар. Осы аталған сөздердің барлығының түбірі – без. Бұл сөздердің барлығы қозғалу, ырғалу, шайқалу, тербелу деген ұғымға сыйып тұрғандықтан, “бесік” әу бастан “безек” немесе “безік” болып, бертін “з” дыбысы қатаң “с” дыбысына ауысып, “бесік” болып қалыптасса керек. Бұл біздің бірінші жорамалымыз. Екінші ойымыз: бесіктің жасалу жолына қарай, оны құрайтын негізгі бес ағашқа байланысты “бес уық” сөзінің туындауы мүмкін деген тұжырым жасауға болады. Олай дейтініміз, қазақ халқы негізінде екі түрін тұтынған. Оның ертерек пайда болған түрі “аспалы бесік” деп аталады. Аспалы бесіктің жасалу жолдары өте қарапайым. Оны әзірлеу үшін бес тал, жуандығы біркелкі, жұмыр талдар болса болғаны. Ондай бесікті көшіп – қону кезінде уықтап құрап жасай салу әбден мүмкін жай. Кейін келе бес уық – бесық – бесік болып қалыптасып кеткен тәрізді”. Жалпы “бесік” атауының шығуы әлі де болса терең зерттеуді қажет ететіні даусыз.
Қазақ ұлттық этнология саласына тән – қазақ халқының салт-дәстүрі болып табылады. Бесік – қазақ қауымы үшін аса қастерлі, қасиетті мүлік. Оны адами өмірдің бастапқы ұясы деп біледі.Бесік – көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымыздан қалған қасиетті мұра. Қазақта “Есік көргенді алма, бесік көргенді ал”, “Бесік көрмеген ессіз болып есікке енеді”, “Есік арқалағаннан бесік арқалаған артық”, “Төрінде бесік тұрса, төре де бас иеді” деген ұлағатты сөздер содан. Көшпелі тұрмысқа бейімділігі сонша, бесікті анасы атқа мінгенде алдына өңгеріп алып жүре береді. Жол қанша ұзақ болса да бала қиналмайды, бейқам ұйқысы бұзылмайды. Тау – тастан асып, жауын – шашынға ұрынса да, нұқсан келмейді. Ұзақ жол үстінде де еги жері былғанбайды. Осындай тазалыққа өне бойы дағдыланғандықтан бір жері ақаулықтан денесіне дымқыл, не дайрақ тисе, сәби ыңқылдап тынышы кетеді, тіпті шырқырап жылай бастайды.
Ал енді, біз осы аталған бесіктің жасалуы мен басқа да жабдықтарына тоқталсақ: қазақ бесігі талдан, қайыңнан иілсе, бұрышы имек болып, ал қарағайдан жасалса, тік бұрышты болып келеді. Иіп әуелі бесік қазақ бесігінің негізгі түрі. Ең әуелі бесіктің екі басын тұтас қайыңнан, талдан иіп не төрт бөлек қарағайдан қиыстырып доға тәрізденіп жасайды да, оның алрақтарының ортасынан бір шабақ салып, шабақтар үстіне тақтай төсеп, оның түбек орнататын жерін дөңгеленіп ояды. Бесіктің доға тәрізденген екі басы дәл төбесінен жіңішке жұмыр арқалықпен біріктіріледі. Бесік бөлшектері бір-бірімен желім, ағаш шегелер арқылы бөрік қиыстырылатындықтан, тербетіп қозғаған уақытта сықырлаған бөтен дыбыс шықпайды. Бесіктің әр басының аяқтарын дөңес табанмен біріктіру, оның зіркілсіз, жұмсақ тербетіліп, баланың мазасын алмау жағын қарастырғандық.
Бесік арқалығы: біріншіден, оның үстіне жапқан көрпені баланың бетіне түсірмеу үшін; екіншіден, бесікті тербету үшін; үшіншіден, оған әртүрлі сылдырмақтар, ойыншықтар іліп тұмарлар тағу үшін аса қолайлы. Бала бесікте ояу жатқан кезде сол сылдырмақтармен ойнайды. Ол үшін оянған екі қолын бос қояды.
Көшпелі ата-жұрттың дәстүрін жалғастырушы қазақ халқы бесікті көпке дейін сақтап, бірден бірге мұра есебінде қалдыра береді. Кездейсоқ жағдай болмаса өздігінен оны сындырып отқа жағуға болмайды.
Қазақ халқы көшпелі өмір сүргенімен де әр мүлікті қастерлеп, оларға өзіндік ырым-тиымдар жасайтын болған. Біреулерден ауысып келген немесе жаңадан жасатқан бесікке ең алғаш бөленген бала қайтыс болса, оны ешуақытта пайдаланбайды, бесікті шетінеген баланың қабіріне бірге апарып қояды. Бесіктің екі жақ басында, арқалығында қыздырылған темір басып қарыған таңбалар өте көп кездеседі. Бұл да дінге сену, отқа табынудың бір түрі. Бесікті қару әдеті баланы алғаш рет бесікке саларда, бала әлде қалай ауырып қалған жағдайда жасалады. Көбінесе қыздырылған шүмшеуірмен қарылады.
Бесіктің бала тәрбиесіне ыңғайлылығы мына жақтардан көрінеді: біріншіден, көшіп-қонғанда түйеге артып жүруге қолайлы, екіншіден, баланы емізгенге өте ыңғайлы. Баланы жүргектен шешіп жатпай-ақ ана бесікке сүйеніп отырып емізе береді. Үшіншіден, дене мүшелерінің, яғни бастың қисық болмай домалақ болуына, аяқтың да түзу болып өсуіне бесікке жатудың маңызы өте зор. Төртіншіден, бесік бала денесінің тазалығына, ұйықтауына қолайлы. Баланың дәреті денеге жайылмай шүмек түбек арқылы кетеді. Денесі құрғақ болса, бала жайлы жатып тыныш ұйықтайды. Ал, бала денесінің өсуі үшін ұйқы аса қажет.
Баланы қырқыннан шығарғаннан кейін халық санасындағы ескі нанымнан туған балаға деген сан-қилы қауіп-қатер бірте-бірте сейіліп, «қара құлақ» болған сайын кеми береді. Әсіресе бұрын баласы тұрмай жүрген ата-аналар көңіліне үлкен медеу болады.
Бала бөленген бесіктің үстіне жеті нәрсе жабады. Әр жабылған нәрсенің өзіндік мәні бар. Мәселен, ең бірінші етіп бесік көрпе, одан кейін шапан, кебенек, тон, жабу, жүген және қамшы сияқты бұйымдармен жабылады. Тон, шапан жабу – ержеткенде бала халыққа қадірлі болсын деген тілек, жүген жабу – ат ұстайтын азамат болуын тілеу, кебенек, қамшы жабу – ел қорғайтын батыр, сөз ұстайтын шешен болсын деген тілек.
Нәрестені бесікке бөлеуге міндеттелген әже бесіктің түрлі қажетті нәрселерін түгендеп, ыңғайлаған соң, ырым ғана емес, жаңа орынның тазалығы үшін аршаның бүрін жағып, соның отымен бесікті аластайды.
Алас, алас, от алас,
Ақ бесікке сәуле шаш!
Жайлы болсын төсегі,
Пәле-жала аулақ қаш!
Жөргек жаяр бесікке
Бұрыңғының жолы бұл.
Сені сылап,сипаймын
Хауа ананың қолы бұл
Мамықтай боп бесігің,
Арта берсін несібің!...

Бұл ырымның тарихы тереңде жатыр.Ежелгі дүниенің сілемі елестейді. Ырым орындалған соң әже нәрестені бесікке жатқызады да, аяқ-қолын жұмсақ шүберекпен орайды. Бесікке бөленген бала шошымас үшін оның бас жағына пышақ қойып, тұмар тағып немесе үкінің тырнағын салады. Шүберекке түйілген қасқырдың кептірілген етін, әртүрлі асыл тас, таналар іліп қояды. Мұның бәрі бала тіл-көзден, жын-шайтанның салқынынан аман болсын деген наныммен істеледі. Мұның өзінен ескі діни сенімдер мен ислам шариғатының араласып кеткені байқалады.
Халқымыздың ұлттық дүниетанымы мен мағлұматының, нәрестенің жастайыннан құлағына құйып өскен тағылымының бірден-бір айнасы есептелінетін жырларының бірі – бесік жыры.
Бесік жырын мазмұнына қарай уату жыры, ұйықтату жыры деп екіге бөліп қарастыруға болады.

Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікте жат бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін
Байқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін,
Ақ сүтіміді еміреніп,
Омырауымнан берейін.
Арғымыққа мінгізіп,
Хан қызын алып берейін.
Тапыл басып жүргенде,
Тілің шығып сөйлерде,
Ақсарбас, сойып қуанып
Өміріңді тілейін!...

деп кете береді. Бұл нәрестенің уату жыры ғана емес, ана махаббатының, мейірінің кіршіксіз нәрестеге арналып жүрегінен шымырлап шыққаны көрініп тұр.
Ал ұйықтату жырының да мазмұны терең, ана немесе әже нәрестеге барлық нәрсе арнайды және әлемдегі ең бағалы, асыл затқа теңейді.

Көзімнің ағы қарасы,
Жүрегімнің панасы,
Уайым, қайғы ойлатпас,
Көңілімнің санасы.
Айналайын шырағым,
Көлге біткен құрағым,
Маңдайдағы жұлдызым,
Суда жүрген құндызым.
Әлди-әлди балам-ай,
Айналсын сенен анаң-ай.
Әлдилеп сені сүйгенде
Анаңның көңлі болар жай.

деп жырлап, сәбидің жүрегіне ән мен жырдың ырғағын осылайша сіңіреді. Сезімін осылайша тербейді. Сол тәтті әуенге балқыған бала балбырап ұйқыға кетеді. Баланы жырмен жұбату отбасына ғана тән салт емес, ол бүкіл халық тұрмысында қалыптасқан дәстүр. Бесікті кім тербетсе де әндетіп жыр айтуға дағды.
Құйрығынды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Жаудан жылқы айырып,
Жігіт болар ма екенсің?!
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?!
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Ұста болар ма екенсің?!

деп келетін осы бір өлең жолдарынан халықтың болашақ ұрпақ тәрбиелеудегі ой-арманы айқын көрінген. Ол ана тілегі арқылы беріліп отыр. Мал бақ, кәсіп ет, ел-жұртыңды жаудан қорға деген ойын халық бесікте жатқан нәрестеге ақыл-кеңес, тілек етіп білдірген. Баланы жастайынан ел намысын қорғаушы азамат болуға баулу, оны ана аманаты ретінде келер ұрпақтың құлағына сіңіру ежелгі ел-дәстүрінің озық түрі болған.
Сонымен бірге, анасы не әжесі баланы бесіктен шешіп аларда да жыр айтқан.
Анасы шешіп алсын,
Ұйқысы бесікте қалсын.
Бадам бесіктен шықсын,
Пәлесі есіктен шықсын.

Бесік жыры – халық тапқырлығы мен даналығы. Ізгі ойдың санаға дарыған мөлдір бұлағының тамшылары. Негізінен аналардың балаға деген мейірін үстемелейді, сезімді тебірентеді. Бөлеуде жатқан баласы бесіктің арқалығына сүйене отырып емізген ана жанын еміренткен арман-тілегенін де, көкейдегі көксегенін де әндетіп айтады. Сол сезімінің бәріне халық сөзі арқау болады.

- Бөпем менің қайда екен?
- Асқар, асқар тауда екен.
- Тауда неғып жүр екен?
- Алма теріп жүр екен.
- Алмасынан кәнеки?...
- Жаңа теріп жүр екен.
- Қинамай ма бұл ісі,
- Қызық па екен жүрісі?
- Қызыл алма қолында,
- Қыздар оның соңында!...

Бұл жырдан өмір ағысындағы тіршілік құбылыстардың жанға жылы лебін, қазақ жырының өзіне тән ұлттық сипатын танимыз. Бесік жырының бәрінде ананың мақсат мүддесі нысана ретінде қамтылады. Ана тілегінен ана арманынан асатын ұлы мұрат жоқ. Қазақтың «Баланы жөргегінен баулы» дегені тегін емес. Ана тілегі – халық тірегі, ел мұраты...
Жалпы қазақ халықтың салт-дәстүрінен қайсысын мысалға алма, дүниежүзінің басқа ұлт өкілдердердің терең зерттеулер жүргізген ғылыми практикалар, яғни, психология, философия, мәдениеттану және т. б. салалар қазақ халық дәстүрі үшін бұл қарапайым құбылыс. Көшпелі жұрт дала-шаруашылық өміріне төзімді болу үшін тәжірибе жинауға мәжбүр болған. Бірақ, еңбекші қара қазаққа ел-жұртының тышыштығы ең қымбат болған, соның бір дәлелі, ұрпақтарына берген тәлім-тәрбиесі тазалыққа, саулыққа, білімге жетелегенінен көреміз.
Бұл жиған материалдар қазіргі қазақтың әдет-ғұрыпына үлкен әсерін тигізер деген тілектемін. Жалпы әлем халықтардың баланы бесікке бөлеу дәстүрін салыстырып қарасаң, қазақтың жолы адамға тән, қажет салттарға толы екенін көреміз. Бірақ ең басты ерекшелігі – тазалыққа үлкен көңіл бөлгендігі.
Баланы бесікке бөлеу дәстүрін басқа елдермен салыстыру тақырыбын қозғағаным, бұл дәстүрді қазіргі заманда ғылыми түрде зерттелетінін байқадық, яғни, ол халықтың психологиясын жақсы меңгеру үшін үлкен пайдасы бар екенін түсіндіреді.
Бұл ғылыми психологиялық зерттеулер ғасырлар бойы бір-бірімен соғысқан елдердің арасынан туған. Ұзаққа бармай, Америка Құрама Штаты мен Ұлы Ресей федерацияның арасында туған қақтығыстары туралы айтатын болсақ, американдықтар орыстардың психологиясын жақсы білу үшін көптеген ғылыми жұмыстар жүргізе отырып, ресейліктердің отаншыл, ревалюционер болған себебін, орыс халықтың баланы бесікке бөлегенде сәбиді шүберекпен қымтап орағаны үшін, - деген тұжырымдамада айтады. Қымтап орағаны, кейін баланың мінезі қатты, салмақты болады деп ойлаған. Бұл американдық тұжырымның дәлелі, ұлы орыс жазушысы – Алексей Толстойдың жазған “Тугое пеленание” деген кітабында жақсы әңгімеленген. Бұл кісінің ерекшелігі – дүниеге келгеннен, өмірде өткеннің барлық оқиғаларын есінде ұстауы. Бұл әңгімесінің ең қызығы, Алексей Толстойға, сәби болған кезінде анасының қатты қымтап орағаны оған ұнамағанын айтады, яғни бұл кісі - дана, отаншыл, өз отаны үшін ерлік жасаған тұлға болып туылғаны шешесінің қолынан көрген тәрбиесіне байланысты екенін дәлелдейді. Бұл дәстүр орыс халықтың Ұлы Ресей Федерация болуына үлесін қосты. Йә, әр халықтың салт-дәстүрінен мін табу өте қиын, қай елдің өмір сүру дәстүрін алмасаң, өзіне үлкен сенім арттады. Бірақ, әр дәстүрдің пайда болуы және қалыптасуы көптеген ғасырлар бойы тәжирибе жинаған еліне байланысты екенін аңғаруымыз керек.
Жоғарыда қазақ халықтың салт-дәстүрлерін психология, философия, мәдениеттану, этнография және т.б. осыған жақын салаларға теңедік. Мысалы, қазақ салтының алғаш дәстүрі сәбидің туылуымен байланысты екені анық. Осыдан бастайтын болсақ, жаңа туылған сәбидің келешек тағдырының жолы, ата-әжесінің қолынан көрген тәрбиесіне байланысты. Баланың бесікке бөлегені туралы жоғарыда айтылғанда бесік жырының мазмұны мағыналы, терең болуға тиіс екенін айттық. Әжесі әндетіп отырған бесік жырын кішкене сәби жақсы қабылдайтынына және өте жақсы түсінетініне ата-бабаларымыз оған бұрыннан көзін жеткізген еді...
Этносольфеджио сабағында отырып, Қазақстан бойынша жүргізілген экспедициясында зерттеушілер жазып алған бесік жырын естірткенде, біз оның қазіргі заманның өзгергеніне қарамастан, дәстүр бойынша айтылып жүргенін байқадық. Сөздердің мазмұнына жүгінсек, тек баланың келешек тағдыры туралы емес, оның ішінен елінің, жердің, уақыттың келешек тағдыры туралы білуге болады. Ол рас. Сол үнтаспадан жазып алынған материалға қысқаша анализ:

Әлди, әлди, әлдиім,
Әлди менің сәбиім.
Сәби болып туыпсың,
Кіндік кірін жуыпсың.
Қайда тудың белгі жоқ,
Көшкен елде елдік жоқ.
Жайлауда тусаң, Жайлаубай,
Қыратта тусаң, Қыранбай.
Қыран болсаң жақсы ғой,
Жамандығыңды ойлап қой.
Менің балам ер ме екен,
Ерлік жасар дер ме екен.
Ерлік жасап келгенде,
Менің балам дер ме екен.
Әжең сөзі алтын ба,
Балам жатыр салқында.
Салқын болар бабында,
Түстік кезі шағында.
Шешең қозы ұстап жүр,
Әкең оны қыстап жүр.

Мінеки, бұл “Әлди, әлди” бесік жырының мағынасы бізге анық. Терең тоқталсақ, сәбидің туылғаны қазақтың жеке бесікке бөлеу салтымен өткені туралы айтылады. Қазақ халқында балаға есім қою дәстурі де бар. Бұл бесік жырында ол тек үстіртін айтылып кеткені көрінеді. Сәбиге есім қою жолы күрделі, мысалы, ең қарапайым есімнен бастайтын болсақ, айтылғандай: «Жайлауда тусаң, Жайлаубай, қыратта тусаң, Қыранбай...». Яғни, бұл бесік жырында көшпенді жұрт сәбидің атын тоқталған жеріне қарап қойған. Көшпенді халық мекен ететін жерін жақсы таңдай білген, таңдаған жерлері құнарлы, кең, тіршілікке қолайлы жерге мекенін тоқтатқан. Ал бірақ, одан басқа есім қою дәстүріне қысқаша шолып кететін болсақ, көшпелі қазақ халықтың өмір-тіршілігі туралы хабардар боламыз. Көшпенді өмір және оны кешкен халық та, табиғаттың қатал заңдарына бағынғаны анық. Яғни, халықтың тұрған мекені тұрақты болмағандықтан ел-жұрт көптеген ауру-соққыларға шалдыққан. Әсіресе қыз-бала, әйел-ана, қарт-қариялардың өмірі. Әйел-аналардың тағдыры бала көтерген кездерінде өте қиын болған. Медицина саласы жақсы дамымағаннан көпшілік болашақ ана болған әйелдердің аяқ ауыр болғанда баласы тұрмауы немесе тағы басқа өкінішті жағдайларға тірелген. Қазақ халықтың дін-намаларға сенгендігі көптеген баланы шетінеуден сақтау жолдарын іздеген. Мысалы, баласы тұрмаған болашақ ананың Алла берген сәбидің тоғыз айы мен тоғыз күні жеткенінде, көрші ауылдағы балалы әйелге ұрлатқызып, баланың қырқыннан шыққанында туған шешесіне сатқызып, жын-шайтанды алдау жолымен сәбиді фәни дүниеде алып қалады екен. Бұл дәстүрдің атауы “Сатып алды” деп аталады. Қазіргі уақытта “Сатыбалды” немесе “Сатыбалдин”деген есімдерді кездестіруге болады. Яғни, біз сол адамның кезінде ата-бабалары осы дәстүрмен болашақ ұрпағын сақтағанын білеміз.
Бесік жырын көбісі қазақ үйде отырған әжелері орындаған. Әжелеріміздің берген тәрбиесі ананың сүтімен, кең даланың таза ауасымен сәбиге сіңген. Бесікте жатқан баланың шырылдап жылағаны әжелердің мағыналы, сабырлыққа толы жырымен жуатады. Сәби кезінен әжесі балаға сабырлық, төзімділік, батыр болуға итермелейді.
Қазақ халқында осындай түрлі салт-дәстүрлер ғасырлар бойы өз ұлтын сақтауда. Ал, философия жағынан қарастыратын болсақ, қарапайым бесікті тербетіп отырған ана немесе әжесі болсын терең ойларға батады. Жас ана баласының болашақ тағдырын, өмір бойы кешетін жолы туралы көп ойлайтын болады. Бұл ең қарапайым мысал.
Бесікке салу дәстүрі тек қазақ халқында ғана емес жалпы көшпелі ел-жұртта болғанын ұмытпауымыз керек. Бесік Орталық Азия мен Кавказ, Үндістан, Қытай жерін мекендейтін халықтардың басым көпшілігі қолданады. Тек әр түрлі үлгіде жасалады. Бесік көшпелі қазақ халқы арасында ертеден тараған. Баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені арнайы орнатылатын түбек пен шүбек бала дәретін жайылдырмайды. Түбектің түбіне күл салып, жиі-жиі ауыстырып отырады. Шүмекті қойдың асық жілігінен жасайды, кейде айрықша аппақ болуы үшін сүтке қайнатып алады. Бесікпен қоса құс төсек, жастық, жүргек, қолбау, тізебау, тізе жастық, бесік көрпе даярланады. (Б.Қалшабаев). Қосымша бесік жырына деректер.
Бесік жырын айтпайтын халық жоқ. Халық педагогикасының мәйегіне айналған бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным-сенімінің, дүниетанымының көрігісі бар. Бесік жырын барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Бесік жыры әр халықта әр түрлі аталғанымен, атқаратын міндеті, мазмұн байлығы, поэтикалық құрылымы мен саз-әуені жағынан үндесіп жатады. Бесік жырының басты қызметі – бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру. Ә. Диваев хатқа түсіріп, 1905 жылы жарияланған. Содан бері там-тұмдап жиналып келе жатқанымен, халық жырларының асыл үлгілері әлі де толық хатқа түсе қойған жоқ. Бесік жырларын мазмұны мен поэтикалық құрылымына қарай дәстүрлі Бесік жырлары және суырып салма Бесік жырлары деп екі топқа бөлуге болады. Дәстүрлі бесік жырлары ел арасында ежелден айтылып, әбден қалыпқа түскен, барлық жерлерде мазмұн желесі мен әуені өзгертілмей орындалатын жырлар. Олар: “әлди, әлди , ақ бөпем, Ақ бесікте жат бөпем!” деген ана мейіріміне толы өлең жолдарымен басталып, баланы жұбататын, алдандырып тәтті ұйқыға батыратын шұмақтар ұласады. Сырлы сөз бен сазды әуен астасып келетін Бесік жыры халық педагогикасының бастау бұлағы ғана емес, қазақ әйелінің жан дүниесін танытатын, кезеңдік ел тұрмысынан мол мағлұмат беретін шалқары кең жанр. Оның осы мүмкіншілігін кейінгі жазба әднбиет өкілдері мен сазгерлер де кеңінен пайдаланып келеді.(К.Ісламжанұлы. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. Бесік-жыры.)
Бесік кертпе – отқа табыну ғұрпының көрінісі. Баланы алғаш бесікке саларда қарт аналардың бірі шымшуырды отқа қыздырып, сонымен бесіктің басын, арқалығын қрып кертеді. Бұл отпен оның иесінен жын-шайтан қашады деген сенімнен туған рәсім. Қазақстанның кей жерлерінде ертеде “бесік кертпе құда” болып, қыз бен ұлды бесіктегі кезінен атастыру салты да болған. Мұндайда ұлдың ата-анасы қыздың бесігін кертін, теңге тағып, жол-жоралғы жасаған.
Бесік тойы - нәрестені алғаш бесікке бөлеуге байланысты жасалатын ғұрыптық салтанат. Баланың кіндігі түсіп, кіндік жарасы жазылысымен бесікке салады. Бесік той, негізінен, тұңғыш балаға жасалынады. Одан кейінгі балаларға “бесікке салу” кәдесін ғана атқарады. Бесіктің жасауын баланың нағашылары дайндайды және олар ана мен балаға киім-кешек әкеледі. Осы әкелінген дүние мен бесікті көрсету мақсатында ауылдың ұрпақ өсірген қадірменді әжелері, әйелдер шақырылады. (Б.Қалшабаев.)

Категория: Музыка | Добавил: AgesSa
Просмотров: 5116 | Загрузок: 3 | Рейтинг: 3.6/13
Тут вы можете

скачать Бесік - алтын қазына

абсолютно бесплатно
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Меню


Аудио жазбалар


Ислам


Наш опрос
Оцените мой сайт
Всего ответов: 4660

Статистика

Онлайн всего: 2
Гостей: 2
Пользователей: 0


Все права защищены, копирование материалов разрешено только с активной ссылкой на этот сайт! © 2012 SiteMap №1 и SiteMap №2
Создать сайт бесплатно