Қазақ халқының әншілік өнері - Музыка - Тегін қазақша рефераттар - Тегін қазақша рефераттар - Refa.kz - Все для школьников и студентов Казахстана!
Все рефераты Казахстана Пятница, 01.08.2014, 07:43

Приветствую Вас Гость | RSS
Главная | Тегін қазақша рефераттар | Регистрация | Вход
Тегін рефераттар


Интересное

Главная » Рефераты » Тегін қазақша рефераттар » Музыка

Қазақ халқының әншілік өнері

Қазақ халқының әншілік өнері скачать

28.03.2010, 16:06
Қазақтың ән өнері – сонау көне заманнан бері қалыптасқан халқымыздың асыл қазынасы, фольклордың музыкалық саласының бір тармағын құрайды.Фольклор деген сөз ағылшын тілінен алынған. Ол «халық даналығы, халық білімі, халықтың ауызша шығарған туындылары» деген мағынаны білдіреді. Фольклор шығармалары халықтың әр дәуірдегі тұрмыс – салтымен, наным – сенімімен, күнделікті тіршілігімен тығыз байланыста туады. Оларда өмірде болып өткеннің ғана емес, халықтың «осылай болса екен» деген арман, үміттері де бейнеленіп, табиғат, өмір құбылыстарына баға беріледі.
Ән – халықтың сүйіп айтатын, тыңдайтын, сан ғасырлық тарихы бар халық музыкасының ең бір бай арнасы болып табылыды. Көне заманнан келе жатқан ән – күй туралы халықтың аузында қалыптасқан көптеген мақал – мәтелдер, аңыздар, жырлар осының айғағы. Халықтың: «Сөз күміс - ән алтын», «Ел көркі – қыз, той көркі - ән», немесе «Ән өмір ұзартады» деген асыл сөздері осы өнерге арналған.
Қазақтың ұлы ақыны Абай да ән мен күйдің құдіретін жырлап:
Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең, менше сүй – деген.
Ән мен күй шыққан күн, туған айдай дала жұртының тал бесіктен жер бесікке түскенге дейінгі жан серігі болды. Ауылдан ауылға ән айтып, күй тартып жүрген диуаналар, бақсылар, жыршылар, сал – серілер өз өнерін көрсетіп, халықтың көңілін көтерді, айт пен той – томалақ, түрлі ойын – сауық, отырыстардың көркі болды. Ақын - әншілердің өнері халық арасында өте жоғары бағаланып, ақынның келген ауылы оған зор сый – құрмет көрсеткен. Олардың аты аңыз - әңгімеге айналып, ауыздан – ауызға, ұрпақтан – ұрпаққа жетті.
Өз мазмұны бойынша, тұрмыстағы орнына сай қазақтың халық әндері бірнеше түрге бөлінеді:

1.Халықтың ескілікті наным – сенімінентуған әндер.
2 .Еңбек пен шаруашылық кәсібіне байланысты туған әндер.
3.Тұрмыс – салт әндері.
4.Эпикалық жырлар.
5.Тарихи әндер.
6.Лирикалық әндер.
7.Айтыс.

Халықтың ескілікті
наным – сенімінен туған әндер

Жаратылыс дүниесінің толып жатқан құпия сырларына табыну, табиғат құбылыстарының дүлей күшінен қорқып, соған еріксіз сыйынып, жалбарынудан туған әндер тобына Бақсылар сарыны, Бәдік, Арбау әндері жатады. Адам баласы табиғаттың қорқыныш тудыратын үрейлі құбылыстарының бәрін тәңірге санап, күнге, бұлтқа, желге табынып келген.
Ескілікті наным – сенімнен туған әндердің бір алуаны – бақсылар сарыны. Бақсылар сарынының негізгі мақсаты – түрлі ауруларды емдеу. Бақсы жын, пері, албасты басты делінетін ауруларды қобыз арқылы сарнап, көшіреді.
Қазақтың емшілік кәсібінен туған бәдік әндерінің өз заманы үшін өмірлік мәні болған. Өйткені, ол адам баласына қас күштер мен әртүрлі ауру, індет «иелерін» әсерлі, сырлы сазбен көшіріп, көндіруге болады деген сенімнен шыққан еді. Сондықтан бәдік тек мал ауырып, адам сырқаттанған кезде ғана айтылған.

Еңбек және шаруашылық әндері

Халықтың ән шығармаларының ең көне жанрының бірі – еңбек жырлары – ел тұрмысының шындық суреттемесін, қарапайым шаруалардың күнделікті өмірін бейнелейді. Еңбек және шаруашылыққа байланысты туған өлең – жырларға төрт түлік туралы, аңшылық және наурыз әндері жатады. Еңбек және шаруашылық өлең – жырларының ішіндегі ең көп тарағаны – төрт түлік мал туралысы.
Қазақ халқының негізгі тіршілік күн көрісі мал шаруашылығы болды. Төрт түлікке жылқы, қой, сиыр және түйе жатады. Шаруаның малды жоғары багалағаны сонша, тіпті ең асыл, ең қымбатты адамдарын солармен теңейтін. Мысалы, сұлу, келбетті, үлкен көзді қызды «Ботагөз», мықты, сымбатты жігітті, «Жігіттің нары» деп атады. Анасы баланы еркелетіп «қозым», «ботам», «құлыным» дейді. Кездескен кісілердің «Мал – жан аман ба?» деп сұрауы дамалдың ел тұрмысында келелі орын алатындығының белгісі. Сондықтан да мал жайында көптеген мақал – мәтелдердің қалуы да тегін емес.
Халық ертеден әрбір малдың өзінше әулие иесі, бабалары бар деп сенді. Сол себепті мал туралы тілек тілесе де, малға өз бағасын берсе де әуелі малдың «иелеріне» сөз арнады:
Шаруаның бір түлік пірі – Шопан,
Келтірмей қу, пір ата, қойға топан.
Ай мүйізді шоқпақтай
Шүйделері тоқпақтай,
Тегене құйрық қошқарлы,
Малды берсең, қойдан бер. . .

Шаруаның бір пірі – Жылқышы ата,
Тілегенде, өзің бер ақтан бата. . .
Өңкей ала шұбардан,
Жал, құйрығы шұбалған
Айғыр берсең байсалды,
Үйірі толған байталды,
Өңкей мама бие бер
Сауған сайын иіген. . .

Шаруаның бір пірі – Ойсыл қара,
Түйе өсіріп, жарылқап, болып пана.
Көзі жарық жұлдыздай,
Мойыны піл қозыдай,
Құйрығы бар қамшыдай,
Шудасы бар жамшыдай,
Маң – маң басқан, маң басқан,
Шудаларын шаң басқан,
Төрт аяғын тең басқан,
Екі өркешін қом басқан. . .
«Шөк» дегенде «бық» деген,
Шешіп үйін жүктеген,
Ойсыл қара баласы –
Түйе бассын үйіңді.
Түйе басса үйіңді,
Кие бассын үйіңді. . .

Шаруаның бір пірі – Зеңгі баба,
Сиыр берсең, сүтті бер, өңкей мама,
Қос жегуге жарамды,
Ылғи бойшаң өгіз бер,
Жұп – жұбымен егіз бер.
Бұқаларды әукелі,
Шүйделері білеудей,
Аяқтары тіреудей,
Әр түсін ыңғай сегіз бер. . .
- деп, қой иесін – Шопан ата, жылқы иесін – Жылқышы ата, түйенің пірін – Ойсыл қара, сиыр пірін – Зеңгі баба атаған. Оларға бас иіп, әндер шығарған.
Еңбек, шаруашылық жайындағы әндердің таза күйінде сақталмағанына қарамастан, еңбек әуенінің тақырыбы қазақ әндерінің көбіде кездеседі десек артық болмас. Соған айқын мысал ретінде халық ақыны әрі әнші Кенен Әзірбаевтың «Бозторғай» әнін келтіруге болады.
Еңбек және шаруашылық кәсібіне байланысты туған әндер тобының ішіндегі көне түрі – наурыз әндері. Жаңа жылға арналған осы наурыз әндері қазақ даласына кең таралған, халықтың күнделікті күнкөріс кәсібінен, өмір тіршілігінен туған ауызекі шығармаларының бірі. Ертеден – ақ қыс кетіп, жаздың шығуын мерекелеу қазақ баласы үшін үлкен оқиға болатын.
«Қыстың зәрінің сынуы құт айынан басталады. Қазақ бұл айды «Түске шейін мүйіз, түстен кейін киіз», «Жақсы болса – құт, жаман болса - жұт» деп атайды. Кейбір жылдар болмаса, жаздың жылылығының басталуы қамал (наурыз)айының бір жаңасынан басталады. Қыстай боранмен, суықпен алысып, көкке көз тігіп, қалт – құлт етіп отырған елге күн шырай беріп, бір күнде қардың тас – талқан боп еруі қандай қуаныш екендігі айтпаса да мәлім. Сүйтіп, наурыз күн – қазақ елінің үлкен айты саналуы кездейсоқ нәрсе емес, халықтың шаруашылық тілегімен нық байланысты туған». «Наурыз»сөзі парсытілінде жаңа күн деген мағынаны білдіреді. Ежелден қазақ халқы жаңа жыл күнін Ұлыс деп атаған. Ұлыстың ұлы күнінде халық өзара құшақтасып, бірін – бірі қүттықтап, мал – жаннаң амандығын сұрап, бата – тілек айтып, көрісетін болған:
Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алсаң,
Сонда олжалы жол болар. . .
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Қайда барсаң, жол болсын!
Ұлыс баққытты болсын,
Төрт түлік ақты болсын.
Ұлыс береке берсін,
Пәле, жәле жерге енсін!
Қазақ даласында ислам діні орнағаннан кейін, Наурызды исламның «рамазан» мейрамымен бірге өткізетін болған. Жастар сол мейрам күндері әр үйді аралап, жарапазан айтып, отау иелерін мадақтаған. Оларға молшылық, тоқшылық тілеген. Сол мадақтағаны үшін жарапазаншыларға не түрлі сыйлықтар беретін. Осындай жарапазан үлгісі ретінде «Айтамын жарпазан» әнін келтіреміз:
Айтамын жарапазан еліңізге,
Байлаңдар бір орамал белімізге.
Байласаң бір орамал белімізге.
Барамыз мақтап, мақтап еліңізге.

Қайырмасы:

Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан,
Әсіре мазан, сайра мазан,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан.

Тұрмыс – салт әндері

Бұл түрдің әндері халық өмірінің айнымас серіктері болып келеді. Олар адам өмірінде кездесетін әртүрлі салт, әдет – ғұрыптармен байланысты. Мысалға, үйлену тойында айтылатын әндер немесе нәрестенің шілдеханасында орындалатын әндер. Сондай – ақ адамды ақырғы жолға аттандыратын жоқтау әндері.

Үйлену тойының әндері

Үйлену той әдетте бірнеше күнге созылып, оған барлық ауыл мен көршілес жұрттың адамдары шақырылатын.
Той – думан аяқталғанға дейін ауылды ән мен күй кернейтін. Тойға атақты әншілер мен күйшілер арнайы шақырылатын. Ән тойда жай ғана айтылып қоймай, оған салтанаттың ең бір маңызды жерлерінен орын берілетін. Мысалы, салтанатты жиын «Той бастар» әнімен ашылады.
Бұл әнде қалыңдықтың әдемілігі мен сұлулығы, жігіттің байлығы, жігіт пен қыздың туыстарын мақтау, қыз бен жігітке болашақтағы өмірлерінде бақытты өмір сүрулеріне бата беріледі:

Той дегенде біз келдік,
Ат мініп, тон кигелі.
Қайырлы сапар, қарағым,
Жатырмысың жүргелі.
Тойыңды бастап тон алсақ,
Іс болмай маүлгілі.
Әкем – ай деп жылама,
Әке орнына қайын атаң
Онда болар, қарындас,
Суықты өмір, сәнді өмір
Жыр болғандай кейінгіге, қарындас,
Айдай тастап бір кетші, айдай, үлгіні – ай.

Үйлену тойының ең бір қызықты кезеңі – жар – жар айту. Бұл әндер кейбір өзіндік ерекшелігімен айтысқа жақын келеді. Жар – жар жігіттер мен қыздар арасында сайыс ретінде орындалатын. Бұрынғы заманда қыздар өз еркімен сүйген жарына қосыла алмай, әке – шешесінің ұйғаруымен тұрмысқа шыққан кезде, жар – жар қыздың қайғы, шер, мұңын белгілеген.
Жігіттер жар – жар арқылы қайғылы қызды жұбатып, оның туған жері, елімен қоштасу мұңын жұмсартуға тырысты. Бұл әнде жігіттер қалыңдықтың жат жерге барғанымен, онда жаңадан әке, шеше, туған – туыс табатынын айтты. Оларға жауап ретінде айтылған қыздар жар – дарында өз құрбылырымен қоштасу, күйінішті сезіммен қатар, ұзатылғалы тұрған қыздың туған әке – шеше мен аға – сіңілілілеріндей туыс табылмайтыны айтылады:

Жігіттер жар - жары
Қара насар, замандас, қара насар, жар – жар!
Қара мақпал сәукелең шашың басар, жар – жар!
Мұнда әкем қалды деп, қам жемегін, жар – жар!
Жақсы болса қайын атаң, орын басар, жар – жар!

Қыздар жар - жары
Есік алды су майдан болсын, жар – жар!
Ақ жүзімді көргендей айнам болсын, жар – жар!
Қайын атасы бар дейді көп жігіттер, жар – жар!
Айналайын әкемдей қайдан болсын, жар – жар!

Сөйтіп, жар – жардың бір тобында қазақ әйелінің еріксіздігінен туған қасірет, мұңы бейнеленсе, енді бір қатарынан қыз ұзатуға байланысты туған салт – дәстүрді көреміз.
Үйлену тойының тағы бір жанрлық түрі – қыз сыңсу. Бұл той салтанатты аяқталып, қызды жаңа қонысқа жөнелтер кезде қалыңдықтың айтатын әні. Ұзатылған қыз артында қалып бара жатқан туған елі, жерімен қоштасады. Өзінің шер – мұңын, әке – шешесінен айрылу қасіретін, жат жұртқа кетудің ауырлығын айтып, зарланады.
Сыңсу жырында да қыз өзінің қоғамдағы теңсіздігін, қалың малға сатылып, еріксіз кетіп бара жатқанын айтып, өксиді. Бірақ сыңсу айтыларда ешбір адамның оған жұбату сөз айтуға қақысы болмаған:

Қыз сыңсуы
Ой!. . .
Қайран – ай ауылым қалды – ау,
Қарасам көзім талды – ау.
Ой!. . .
Еркелеткен ауылым – ау,
Заманым қандай болады – ау?

Жүруші едім ағалап,
Ағайынды паналап,
Паналап жүрген басымды,
Малға да сатты бағалап.

Өз елімнен кеткен соң,
Көрген де күнім немене?
Еркелеткен аға – еке,
Жеткізбей бердің он беске.

Үйлену тойының дәстүрлі әндерінің бірі – беташар. Бұл ән келін күйеуінің ауылына келіп, жаңа үйге түскен кезде айтылатын жыр. Қазақтың көне дәстүріне байланысты жаңадан түскен келіннің бетін көрсетпей, желекпен жабады. Бет ашу дәстүріне үлкен мән берілетін. Сондықтан бұл жырды орындау үшін арнайы шешен ақын шақырылып, ол жиналған топқа келіннің бетін әнмен ашады. Беташар мазмұны бойынша жаңа түскен келінге бұрыннын қалыптасқан әдет – ғұрыпқа бай өз заманына лайықты, жаңа өмірге аяқ басып отырған жас әйелге тәлім – тәрбие беру тілегімен байланысты. Жырда ата – енесі, қайындарымен қарым – қатынастарын, жас келіннің міндеттерін айтып, әзіл кеңестер беріледі:
Айт келін, ай келін!
Өзің жатып, байыңа
Тұр – тұрлама, келіншек,
Қаптың ауызы бос тұр деп,
Ой, айт келін!
Құрт ұрлама, келіншек.
Жұрт алдында сымпыңдап,
Қақаңдама, келіншек,
Үйге түскен түйені
Бақандама, келіншек
Аузы – басың сүйреңдеп,
Өсек айтпа, келіншек,
Үлкендердің алдынан
Аттап өтпе келіншек.
Жоқтау – тұрмыс–салт жырларының ішіндегі ең толық сақталған түрі. Алғашқыда өлген адамды шығарып салу дәстүріне байланысты болса, кейіннен жоқтау басқа да халық әндеріне еніп кеткен. Мысалы, жоқтауға тән қасиет сыңсу әніне де тән; жоқтау жырының кейбір белгілері лирикалық және эпостық жырларда да кездеседі. Академик Қ.Жұмалиев жоқтауды тура лирикалық жыр деп атайды. Оның ойынша, егер лирикалық жанрға күйініш – сүйінішті суреттеу негізгі шарт болса, жоқтау да тыңдаушының, айтушының қаралы көңіл – күйін білдіреді. Кейбір жерлерде жоқтау әндерін «дауыс» немесе «жылау» деп те атайды.
Адамның қазасы кезінде айтылатын дәстүрлі жоқтау әндерімен естірту және көңіл айту түрлері жалғаса жүреді.
Естірту – ауылдастарына, туған – туыстарына, жора – жолдастарына өлген адамның қайғылы хабарын естірту үшін айтылатын жыр. Егер қазақтың өшпес мұрасына айналған «Ақсақ құлан» аңызына сүйенетін болсақ, «Ақсақ құлан» күйі де естірту болып табылады.
Ал, көңіл айту болса, қаралы үйге келген кісілердің жақынынан айрылған туған – туыстарына жұбаныш сөз айтып, рухын көтеру ниетімен айтылатын ән.

Лирикалық әндер

Халық композиторлары мен ауызекі ән шығармашылығында лирикалық әндердің түрлері ерекше орын алады. Бұл әндер өзінің музыкалық байлығы, әсем де әсерлі ән-әуезімен көркем-өнердің жоғары дәрежелі үлгісі болып саналады.
Лирикалық әндер басқа халық әндерінің түрлерімен салыстырғанда, кейінірек шыққан туындыларға жатады. Олар мазмұны жағынан өте бай және халықтың ең сүйікті ән түрлерінің бірі.

Категория: Музыка | Добавил: AgesSa
Просмотров: 3679 | Загрузок: 9 | Рейтинг: 3.2/6
Тут вы можете

скачать Қазақ халқының әншілік өнері

абсолютно бесплатно
Меню


Аудио жазбалар


Ислам


Наш опрос
Оцените мой сайт
Всего ответов: 6325

Статистика

Онлайн всего: 0
Гостей: 0
Пользователей: 0

Все права защищены, копирование материалов разрешено только с активной ссылкой на этот сайт! © 2014 SiteMap №1 и SiteMap №2
Создать сайт бесплатно