| Қазақтың музыкалық фольклорының жанрлары мен ондағы тәрбиелік элементтер Халықтың музыкалық шығармашылығы әр халықтың рухани мәдениетінің басты құрамдас бөлігі болып табылады. Сол сияқты, қазақ халқының да ауызша музыкалық поэтикалық мәдениеті адамзаттың кейінгі ұрпаққа қалдырған мәдени мұрасының жарқын белгілері болып отыр. Көшпелі өмірдің қатал заңдылықтарын қарамай халықтың мәдени өмірі көптеген жылдар бойы бірқалыпты дамып отырып, өмірге көптеген өнерпаздарды, өлмейтін кесек туындыларды келтірді. Әндерінде, аспаптық шығармаларында, ұлттық ауыз әдебиеті мен музыкалық шығармашылығында қиял-ғажайып ертегілері мен тарихи оқиғаларға байланысты жырлары, туған еліне, өскен жеріне деген сүйіспеншілігі мен ұлттық дәстүрлі өнердің эстетикасын паш ететін музыкалық туындылары, қоғамдық өмірі мен тұрмыс-салттың философиясымен таныстыратын ойлы толғаулары кеңінен дамып отырды. Қазақ халқының музыкаға деген жақындығын «Әу деп ауызын ашпайтын қазақ жоқ» деген мәтелден анық көруге болады. Ән - күйлердің мәні мен мәтінін дұрыс түсініп, бағалай білетін, эстетикалық талғамы жоғары адамдар халық арасында құрметпен қаралатын. «Көшпенділер арсында домбырада ойнайтын, қызықты әңгімелер айтатын, өлең оқып-ән салатын, қажет болғанда суырыпсалма айтыстарға қатыса алатын, шешен сөйлейтін, сөйлегенді тыңдап өзін тыңдата алатын адамдарды айырықша құрмет тұтқан. Халық ауыз әдебиеті ең жоғарғы орында бағаланған, оның көпшілік үшін тәрбиелік мән болған. Егер кімде-кім жоғарыда аталған өнердің бір түрін меңгермеген болса, ол мәдени тұрғыдан артта қалған, көргенсіз болып саналған». Қазақ халқының әнге деген ерекше ықыласын білдіретін аңызды Шоқан Уәлихановтың досы, белгілі саяхатшы, қазақ халқының тарихын, әдебиетін, этнографиясы мен фольклорын көп зерттеген ғалым Потанин өзінің «В юрте последнего киргизского царевича» атты 1896 жылғы №8 «Русское богатство» журналында жарияланған мақаласында былай деп жазады: «Никогда, именно в те одаленные времена, когда люди еще не умели петь, песня летала над землей и пела: где она пролетела низко, люди хорошо расслышали ее и переняли ее песни. Над казахской степью пролетала ниже, чем над какой другой страной и поэтому казахи лучшие певцы в мире» Ғалымның қазақтардың әншілігіне берген жоғары бағасына рахмет айта отырып, оның қазақ әндерінің кейбір жанрларына ғана баға беріп, талдағандығын айтуымыз керек. Лирикалы әндер туралы ол: «...при звуках ее сейчас же переносятся в своеобразную казахскую обстановку, начинаешь воображать себя в разгоряченном воздухе казахской степи, среди казахского пейзажа и даже начинаешь чувствовать ароматы степных трав, так и понесет запахом полыни» - деп өзінің жүрегінен шыққан сезімін білдіреді. Музыкалық фольклорды зерттеу барысында біз «музыкалы-поэтикалық шығармашылық» деген ұғымға жиі кездесеміз. Бұл қазақ халқының музыкалық фольклорын өзіндік ерекшелігінен шыққан. Халық ауыз әдебиетінің шығармалары әр алуан жанрда ұрпақтан- ұрпаққа ғасырлар бойы жалғасып келген. Барлық жанрларда музыкалық сүйемелдеумен орындалып, дастан, жыр, терме, толғау, ән ретінде қазіргі ұрпаққа жетіп отыр. Бұл шығармалар поэтикалық негізде бола тұрып, музыкалық сүйемелдеумен көркемдік сипатын арттыра түседі. Музыкалық фольклордың өзіндік ерекшелігі бар музыкалық-поэтикалық бөлігін – салт-дәстүрге, жастардың ойын-сауығына байланысты «сыңсу», «естірту», «айтыс», сияқты, орындаушылық жағынан өнерпаз өзі білетін әуенге салып, өлеңнің мәтінін өзі құрап, немесе жаттанды түрде де орындай беретін шығармашылықты айтуға болады. Көп жағдайда музыкалық фольклордың бұл түрі суырып салмалық (импровизациялық) сипатта орындалады. Бұл, осы өнердің музыкалық-поэтикалық фольклор ретінде құндылығын арттыра береді. Қазақ музыкалық фольклорының ерекше бір түрі күйді орындалу жағдайына қарай отырып, екіге бөліп қарауға болады: суырыпсалмалық, туындыгерлік және орындаушылық. Снымен қатар қазақ музыкалық фольклорының өзіндік тағы бір ерекшелігі, ұрпақтан-ұрпаққа, аймақтан-аймаққа тарай отырып, ауызша үйретіліп, дәстүрлі түрде орындалып, орындаушы өнерпаздардың орындау барысында, шабыттана отырып шығарманың кейбір жерлеріне өз өзгерістерін жасап отыруы жиі кездеседі. Соған байланысты бір атпен аталатын әннің немесе күйдің бірнеше түрі пайда болады. Ал мазмұны жағынан әртүрі бір-бірінен алшақ кетпейді. Бұл – қазақ халқынан шыққан өнерпаздардың аса дарындылығының бір белгісі. Қазіргі ұжымдық фольклордағы музыкалық дәстүрді анықтау мақсатында музыкалық фольклордың жанрына көңіл бөлейік. Қазақша «өлең» деген сөздің мағынасын білу үшін ежелгі халық әндерінің нұсқасына көңіл аударайық. Онда орындаушылар өздерін өлеңші немесе өлеңшілер, туынгерлік шығарманы – сөз, эпосты – жыр, болған аңыздарды-толғау деп атайды. Әлбетте, өлең жанры бүгінгі күні жазылды деуге болмайды. Сол себепті өлеңнің алғашқы түрі басқаша аталған болуы да мүмкін. Шоқан Уәлиханов «өлең» деген сөздің қазақ даласына өзі өмір сүрген кезеңінен 50-60 жыл бұрын енгендігін айтады. Тілге зерттеу жүргізген Қ. Жұбанов ежелгі зерттеуші Әбдіқадыр Мұрағының еңбектеріне сүйене отырып күй сөзі – көк, жыр-ыр, толғау-дала екендігін айтады. Б. Уахатов X-XIV ғасырлардың деректерінен «Диуани лұғат-ат түрік» еңбегінің негізінде ол өлең сөзі алғашқыда Қыпшақтың «ұла» сөзінен шыққандығын дәлелдеді. Бұл тұжырым дұрыс болуы да мүмкін. Өйткені, Құрымжановтың Қыпшақ лексикасынын зерттегенде Қыпшақтың «ұла» сөзі «ол одан әрі алып кету, бір-бірімен байланысу» деген мағынаны беретіндігін айтқан. Музыкалық шығарманың, өлеңнің бабын зерттей келе оның халық тарихынан, өмірінен, дінінен, салтынан шыққанын ұмытпау керек. Уахатов бақсы-балгерлердің орындауындағы арбау, жалбарыну өлеңдері көне заманғы халық тұрмысының өлең жобасы дейді. Бақсы әндері барлық халыққа тән болғандықтан, бұл мәдениет тек ауру адамдарды емдеп жазу ғана емес, әндетуге де арналған. Қобыздың сүйедмелдеуі арқылы ән салыпжүріп бақсылар әннің әсерлік бағытын басқа жаққа бұрып әкетті. Ұйғырлар бақсы деп ғалым адамды айтады. Қ. Жұбанов: «Табиғатты өзіне бағындырудың алғашқы түрі-турадан-тура балталап бұзып өзгерту емес, магия еңбегі арқылы табиғаттың жасырын күштерімен астарласып барып, соған дегенін жүргізуге, арбауға тырысады», - деп жазды. Оған адам баласының күші жетпейтіндіктен, өзінің мәртебесін өлеңмен, әнмен, бимен көрсету керек болды. Көпжанрлы батырлар жырларының, дастандарының, поэтикалық әндердің, аңыздардың бөлшектенуін көрсететін аңыз күй – «Ақсақ құлан». Егер де «Ер Тарғын», «Алпамыс», Сағдидің «Гүлістан», Фирдаусидің «Шахнама» эпостарында музыкалық бейнелеудер біртұтас шығарманы құрайтын болса, кейбір қазақ эпостары, соның ішінде, «Ақсақ құлан» өзгеше, сөзсіз музыкалық шығарма болып табылады. Сонымен қатар музыкалық фольклордың қайта жандануына әртүрлі себептер әсер етеді. Бірақ барлық зерттеушілер Қ. Жұбановтың: «Музыкалық фольклор шығармасы сенкретизм негізінде туындаған», - деген болжамымен келіспейді. М. Әуезов керісінше, «эпос – салт-дәстүр әндерінің негізінен туындаған», - дейді.Қазақтың музыкалық фольклорын өлең – аспапты күй шерту деп, оларды бөліп қарауда пікірталас болмауы тиіс. Мұнда олардың жанрлық топтарына деген көзқарас көп. Барлық уақыттағы зерттеушілер музыкалық фольклордың алуан түрлі жанрына назар аударды. Қазақтың ән фольклорына да өте көп көңіл бөлінген. М. Әуезов салт-дәстүр өлеңдеріне анықтама беріп, оларды мағынасына қарай қайғы-шер, діни және той өлеңдері деп бөлді. «Шер өлеңдер» - «жоқтау», «көңіл айту», «естірту», «қоштасу» болып бөлінеді. Тұрмыс салт әндерінің өзі сан алуан. С. Сейфуллин қазақ әдебиетінің мәселесін сөз еткенде музыкалық фольклор жанрына еріксіз тоқтаған еді. Ол М. Әуезовтың тұжырымынан басқаша айта отырып, мал шаруашылығына байланысты тақырыппен жастардың ойын-сауық әндерін ерекше бөліп атаған. Салт дәстүр әндері үш топқа бөлінеді. 1. Отбасы, еңбек, аңшы мен жануарлар жайлы. 2. Ежелгі салт дәстүр, Ислам дініне дейінгі арбау, байлау, шақыру, бата тілек жанрлары. 3. Балалар, той, қайғы туралы әндер жатады.Өлең - халық рухани мәдениетінің бір бөлігі болғандықтан, оның негізі халықтың өмір сүру сипатына бағынады. Түйіндей келгенде, өлең халықтың дүниені сезінуі мен дүниеге көзқарасын білдіреді.
|