Сан дәуірлік тарихы бар қазақ музыка өнері осы күнгі мәдени сатыға көтерілгенге дейін ауызша таралып жеткені мәлім. Халық музыкасының етене болып кеткені сонша, біз оларды күнде тыңдап, әуеніне соншалықты қанық болсақ та, ғасырлар асып жеткен асыл қазынаның авторларына көбінесе мән бермей, баспасөз бетінде болсын, радио, көгілдір экранда болсын «халық әні», «халық күйі» дейтін үйреншікті айдар тағып айта береміз. Әрбір әннің өзіне тән әуені бар, белгілі мазмұны бар. Әннің интонациясы оның өлеңнің ішкі мән мазмұнымен қабысып, бірін-бірі толықтырғанда ғана емес бір тұтас дүние болады. Әннің ішкі құдіреті мен шеберлік дегеніміз - орындаған шығарманың ішкі-сыртқы сипатын, музыкалық табиғатын жан-жақты аша білуде. Әрбір әннің айтпақ ойы, идеясы түрліше. «Қазақ әндері қандай назды десеңізші»,- деп Затаевич айтқандай, халық компазиторлары әндерінің музыкалық құрылысы, өлшем ырғақтары, формасы мен өлшемдік түрленулері қаншалықты сан алуан болса, олардың адамға тигізетін әсер ықпалы соншалықты мол. Алайда ән қаншалықты ғажап болғанымен, оның тағдыры орындаушыға тәуелді. Өйткені оны екінші рет дүниеге әкелетін адам - әнші болғандықтан, шығарманың жақсы, жаман шығуы орындаушы шеберлігіне тікелей байланысты. Мәселен, Жаяу Мұсаның «Ақсисасы», Мәдидің «Қаракесегі», Біржанның «Жанботасы», Ақан серінің «Құлагері», Естайдың «Қорланы», Рамазанның «Жас қазағы» әншіден үлкен орындаушылық шеберлікті, білімділікті қажет етеді, өйткені белгілі бір туындыны жоғары дәрежеде орындау үшін бір ғана дауыстың болуы жеткіліксіз, әнші сол дауысты пайдалана отырып, әнді керек жерінде жай, енді бірде қатты, бірде созып, бірде қысқа қайырып, өз нәшінде, келістіре шырқай білуі қажет. Атышулы әншілеріміз Әміре, Қали, Манарбек, Жүсіпбек, Ғарифолла және басқалардың орындаушылық өнерлерінде репертуар жағынан ортақ қасиеттер болғанымен, әрқайсысы әнді түрлі ырғақ, айшық-өрнектермен безендіріп, жүз құбылта түрлендіріп, өздеріне тән ерекшеліктермен шырқайтын. «Қазақтың ән әуездерінің тамаша бір қасиеті – оың шын жүректен шыққан эмоционалдық сезімталддығымен сезгіштігі... әуендерінің оралымдығы, олардың құлақтан кіріп бойды аларлығы, ән тақырыптарының әр алуандығы – осы қасиеттердің бәрі халық психикасының аса терең толғауын көрсету арқылы, қазақ әншілерінің жарқын орындаулары арқылы айқын сезіліп оырады»,- деп белгілі музыка зерттеушісі, академик Б.Асафьев айтқандай, бір әнде қаншалықты музыкалық нюанстар сөйлем, фраза, интонациялар бар. Бір ән жоғары үнмен басталатын болса, екінші біреулері төменгі дыбыстан бастау алады. Міне, осылардың бәрін әнші жете түсіне біліп, сырына қана терең сезімталдықпен шырқауы керек. Сонда ғана әнші ойлаған мақсатына жетіп, тыңдаушылардың алдында абыройы артады. Орындаушылық шеберлікті сөз еткенде үлгі болатын әншілеріміз көп-ақ. Мәселен, Қали Байжановтың орындауындағы «Тоқсанбай», «Алқарай көк», «Жанбота», «Қанапия» және басқа әндер алуан түрлі сөз нақышымен, сезімді қозғайтын сан қилы нюанс көркемдігімен ерекшеледі. Ол қайсы әннді орындаса да, ешбір артық айқайды, құлаққа жағымсыз тиетін ешбір дыбыстарды аңғармайсын, әншінің қоңыр салқын үні тыңдаушысын баурап алатындығы да сондықтан болар. Қалидың орындауындағы әрбір әнге арналған арналған домбырада кіріспелердің өзі бір-біріне ұқсамайтын өзгеше бір әсем сарында басталады, әнді дауысқа қосқанда ғана әнді орындап отырғанын сезесің. Әсіресе Біржаннның «Жанботасындағы» «сабап кетті-ау, қойып қалды-ау» дейтін кезеңдері нағыз әнші актердің қолынан ғана келетін дүние, қайталанбас қасиеттер деуге болады. Әміре, Иса, Қали, Ғаббас, Манарбек, Жүсіпбек, Ғарифолла тәрізді атақты әншілердің орындаушылық шеберлігі, олардың ән салу ерекшелігі, үлгісі өз алдына бір-бір мектеп десе де болады. Әміренің орындауындағы «Үш дос», «Ағаш аяқ», Жүсіпбектің «Сұржекей», «Көгершін», «Жас қазағы», Манарбектің асқақтата салатын «Ардақ», «Топай көк», «Паравоз» әндері Исаның желдірмелері мен Ғарифолланың жорғалаған термелері тыңдаушы көңіліне ұяллап, көпке дейін ұмытылмайтыны сөзсіз. Өйткені кез келген әншінің толық меңгеріп орындап шығуы қиын. Бұл әншінің дарынына байланысты. Атап айтқанда, дауыс мүмкіншілігі – орындайтын әнге, ән сол дауысқа лайықты болуы тиіс. Домбыраның сүйемелімен орындағанда ғана халық әнінің әсерлігі мен әдемілігі, жүрек қылын шертетін дыбыс бояуы өз дәрежесінде шығады. Әнді қанша тамылжытып сүйемелсіз салғаныңмен оның ойдағыдай көңілге қонбайтыны белгілі. Естай ақынның «Әншінің домбырасы - қолғанаты» деп жырлауы осыған байланысты болса керек. Сондықтан да әншінің дауысы мен доомбыра үні бір-бірін толықтырып, үндесіп отыруы керек. Әнші музыкалық пауза жасағанда, сүйемелдеуші аспап шығарманың желісін, жеке интонацияларын, немесе аккордтық гармонияларын орындап, әнге көрік беріп отыратындығы аян. Бір әншінің аспапта ойнаған кіріспесінен-ақ оның қандай әнді орындайтындығы білінсе, екінші әншіден оны байқау қиын. Ол әнді соған сәйкес басқа бір үнді аккордтар, түрлі өрнектгі саздар арқылы бастайды. Бір әнші пернелерді іліп, шертіп қақса, екіншісі бес саусағымен төгілте, көсілте ойнап әнге ббасады. Осы сияқты түрлендіру, домбыра мен дауыстың бір-бірінен алшақ кетпей, өзара үйлесім табуы - әнші шеберлігі болып табылады. Әнді нақышында, бұзбай жармай айтудың оңай еместігін әншілердің өздері де мойындаған. Солардың бірі – ақын-әнші Әсет «Арғынмын, атым Әсет арындаған, арындап ән сала ма дарымаған» деп, нағыз әнші болу үшін табиғи дарынның қажеттігін, дарынсыздың әнді игере алмайтындығын атап көрсетеді. Ол: Бозбала, осы әнімді үйренерсің, Ырғаққа келтіре алмай күйзелерсің. Асау ән жетегіңе жүрмегенсін, Біріңнен бірің көріп сүйрелерсің,- дейді. Шынында да, Әсет әндерін осы күні келістіре шырқайтын әншілердің азайып бара жатқандығы да осындай әншілік шеберлікке байланысты екені даусыз.