Еңбегімен Одаққа танылған Жазылбек Қуанышбаев туралы
Еңбегімен Одаққа танылған Жазылбек Қуанышбаев туралы скачать
23.03.2010, 13:57
Берікбай ҚАДЫҚОВ, Қазакстан Журналистер Одағының мүшесі. Қазақ қашаннан төрт түлік малды береке мен байлықтың басы санап, көп игілігін көрген. Маңғаз жатқан маң дала — Мойынқұмда да ата-бабаларымыз ежелден мал өсіріп, оны тікелей тірлік-тіршіліктің тиімді көзіне айналдыра білген. Иә, «Мал — елге құт» деген сөз бар дана халқымызда. Оның шындығына осы өркені өскен өңірде өмір сүріп, ерен еңбек еткен азаматтарымыздың іргелі істері дәйекті дәлел бола алады. Бұл ретте алдымен ауызға алатынымыз — қазақтың қасиет қонған шалының бірі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев. Иә, кәдімгі жайдары мінезді, жарқын жүзді Жаз-ата атанған, «Дала академигі», «Малшылардың маршалы» деп есептелген, бүкіл ғұмырын ақтылы қой өсіруге арнаған, Мойынқұмның гүлденіп, көркеюіне үлкен үлес қосқан Жазылбек Қуанышбаев! Ол жарты ғасырдай адал еңбегімен шалғайда жатқан ауданның атын аспандатып, мерейін көтерді. Оның даңқы кешегі Одақ көлеміне дейін белгілі болып, біздің ғана емес, барша қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Қашанда, қай жерде болсын Мойынқұм десе ілкі сәтте тек Жазекеңнің есімі еске түсетіні де сондықтан. Адам өмірінің мәні мен мағынасы неде? Әрине, оны алдымен артына өшпестей өнегелі із қалдыру деп түсінеміз. Ал, Жаз-ата, міне, осындай орнықты биіктен жұлдыздай жарқырап көрінген тағлымы мол тамаша тұлға еді. Қазақстан шопандарының атасы, қой өсірудің шынайы шебері Жазылбек Қуанышбаев 1896 жылы аудандағы Жамбыл ауылының жерінде дүние есігін ашқан. Жастай жетімдік зардабын көріп өскен ол бай малын бағып күн көрген. Кейіннен Кеңес өкіметі орнағанда, Мойынқұм өңіріндегі тұңғыш ауылшаруашылығы артельдерінің бірі — «Кеңеске» малшы ретінде мүше болып кіреді. Қырқыншы жылдардың басында Қазақстанда қаракөл қойын өсіру қолға алынғанда, тап осы Жазекең онымен алғаш айналысқандардың бірі еді. Аға шопанның, әсіресе, соғыс кезіндегі еңбегі елге ерекше үлгі болды. Сол шақта ол қаракөл қойының басын өсіріп, оны асылдандыру, өнімділігін арттыру жолында аянбай жұмыс істеп, көптің көзіне ілінді. Алапат соғыс аяқталған соң да абыройлы ісімен алға шығып, жұмысын жақсы жалғастырды. Нәтижесінде 1948 жылы кеудесіне алғашқы алтын жұлдыз тағылып, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Осыдан кейін де оның табысты еңбегі мен жемісті ісі көбейіп, елін сүйген ардақты азамат жаңа бел-белеске көтеріле берді. Осылайша ол араға он жыл салып, 1958 жылы екінші рет Социалистік Еңбек Ері атанды. Жаны жақсылықка жақын Жазекең сол тұста өр жүз саулықтан 140-145-ке дейін қозы алып, әрбір қойдан 4 келіге дейін жүн қырқыпты. Жалпы, мал баққан жылдар мұғдарында оның алдынан ондаған мың қой мен қозы өріп, қыруар елтірі мен жүн, ет өндірілген. Малын өрі үнемі үкілеп күтіп, аман сақгап отырған. Әруағыңнан айналайын деп жалпақ жұрты жабыла құрметтейтін Жаз-ата тек мал бағуды ғана білмеген. Алдындағы отарының қат-қабат шаруасының ығымен кейде елден шығандап шығып кетсе де, құлағын түрік ұстап ел жайына елеңдеп отырған. Көкірек көзі ояу атамыз жалпының жұмысына, қоғам ісіне де белсене қатысты. Кезінде екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне II депутат болып сайланды. СОКП-ның XXI съезіне, Қазақстан Компартиясының XI съезіне делегат болып сайланып, сонымен қатар, шопандардың одақтық және республикалық алқалы жиындарна қатысты.