Қазақстан Республикасы - өзінің тәуелсіз мемлекет екендігін бүкіл әлемге дәлелдеді. Енді басты міндет – осы мемлекеттің өркендеп өсуі, халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайын көтеру. Қазақстанды – Отаным деп таныған әрбір азаматтың осыған өз мүмкіндігінше үлес қосуы тиіс. Отанымыз аумағының бүтіндігін сақтау, халықтың тыныштығын алатын лаңкестермен қарсы ұйымшылдықпен күрес, мемлекеттерге қауіп төндіретін кез келген сыртқы және ішкі күштерге қарсы тұрудың өзі жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу міндетін жүктейді. Осыған орай патриоттық тәрбие мәселесі адамзат тарихының өн бойындағы ұрпақтан-ұрпаққа жарасып келе жатқан ұлы мақсат болғандықтан, мектеп оқушыларының бойындағы Отанға деген сүйіспеншілігін, яғни патриоттық санасын дарытуда халқымыздың біртуар ұлы, ержүрек қолбасшы, жазушы, Батыр, Қазақстанның Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы ағамыздың кейінгі ұрпаққа үлгі етіп қалдырып кеткен өсиеттерінің және ерлікке толы шығармаларының алатын орны ерекше. Жиырма жылдық өмірін әскер қатарында өткізген Бауыржан ағамыз өмірінің соңына дейін әскери-патриоттық тақырыптарға шығармалар жазды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде атақты генерал И.Панфиловтың сегізінші гвардиялық дивизиясында рота, батальон, полк, кейін дивизия командирі кызметін атқарып, неміс-фашист басқыншыларына соққы беріп, батальонды бірнеше мәрте жау қоршауынан алып шықты. Ата мекен жер үшін, Қасиетті ел үшін, Әзиз ана, қарт ата, Ботакөз сұлу қарындас Күң, құл бомасын, - деген жыр жолдары арқылы жауынгерлерге рух беріп, ерлік істерге шақырады. Кейіннен атақты жазушы Александр Бек батыр ағамыздың ерліктері жайлы “Волокаламск тас жолы” атты романын жазды. Осы роман арқылы Бауыржан ағамыздың аты әлемге әйгілі болды. Бауыржан Момышұлы өз шығармаларында патриотизмге, ерлікке, батырлыққа байланысты біраз терминдерге анықтама берген. Енді соларға тоқталайық! Патриотизм дегеніміз – Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман– саулығының қоғамдық – мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстығын сезіну, ал мемлекетті нығайту дегеніміз – жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм мемлекет деген ұғымды жеке адаммен, яғни оның өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасты білдіреді. Ерлік дегеніміз – табиғат сыйы емес, ең алдымен, өзінің ар-намысын және адамзаттың қасиетті абыройын ұятқа қалу, опасыздық пен масқара болу сезімінен қорғай отырып, адамның ең ұлы сезімін – азаматтық парызын орындау үшін, осындай адамгершілік теңдікті өзіңмен сайысқа түсе отырып тұтас ұжым өмірінің игілігіне ғана емес, оның қауіп қатерін де бөлісіп, жауды барынша жою, жанға – жанмен, қанға - қанмен аяусыз кек алу жолымен жеке басыңды және отандастарды қауіпсіздік етуге ұмтылу, саналы түрде қауіп-қатерге бас тігу. Батылдық – қимыл, әрекет есебін тәуекелдеумен үйлестіре алушылық. Табандылық – батырлардың қалқаны. Өжеттілік, қайсарлық – адамның тіпті мүмкін емес деген жағдайдың өзінде абыроймен өлімге бас тігуге тәуекел етушілік, игілікті құлшыныс. Сондай-ақ Бауыржан ағамыз халықты ерлікке, патриоттыққа тәрбиелеуде артына көптеген мақал-мәтелдер қалдырған. Мысалы: “Үлкенді ізетте, кішіні күзетте көр”. Ерлік тәрбиеден туады”, “Ерлік бірлікте емес, жүректе”, “Отанда опасызға орын жоқ”, “Тізе бүгіп тірі жүргеннен, тік тұрып өлген артық” деп халық атынан ащы да әділ үкімін пайымдайды. Тіпті Бауыржан ағамыз туған ауылына келіп, ауыл адамдарының ынтымақсыздығын, қарттардың қадірсіздігін, жастардың тәртіпсіздігін көріп, ызаланады. Дастарханға ас қайырып, бата бергенде, бұрынғы халықтық бата– тілекті жаңаша жаңғыртып, “Я, құдай, дозақтың отынан сақта, қаңғыған оқтан сақта, ынтымақсыз туыстан сақта, қара жүрек батылдан сақта, адамды қадірлемес есерден сақта, нанды басқан есерден сақта, кеудесін керген келіннен сақта, мезгілсіз келген өлімнен сақта, ұятсыз қызыңнан сақта, қайырымсыз жекжаттан сақта, жалқау баладан сақта, жастарында әдеп жоқ, өлгенінде бәтуа жоқ құр айғай шат-шәлекей даңнан сақта” деген батасының тұнып тұрған тәлім, өзіндік үлгі өнеге, өлмес, ескірмес өсиет екенінде дау жоқ. Біз жазушы, тәлімгер Бауыржан Момышұлының еңбектерін оқи отырып, оның шығармашылығы патриоттық тәлім-тәрбиенің қайнар көзі екенін байқаймыз.
|