Шыңғыстау обаларының құпиясы - Қазақстан тарихы - Тегін қазақша рефераттар - Тегін қазақша рефераттар - Refa.kz - Все для школьников и студентов Казахстана!
Все рефераты Казахстана Понедельник, 05.12.2016, 11:26

Приветствую Вас Гость | RSS
Главная | Тегін қазақша рефераттар | Регистрация | Вход
загрузка...
Тегін рефераттар


загрузка...
Главная » Рефераты » Тегін қазақша рефераттар » Қазақстан тарихы

Шыңғыстау обаларының құпиясы

Шыңғыстау обаларының құпиясы скачать

30.03.2010, 21:00
загрузка...
Шыңғыстау обаларының құпиясы

Шыңғыстау обаларының құпиясы

Сарыкөл тарихи ескерткiш кешенi ұсынған жұмбақтар көп

Семей өңiрiне қарасты Шыңғыстау тауы патша заманының зерттеушiлерi назарына өткен ғасырларда-ақ iлiнiп, алғаш 1896 жылы өлкетанушы В.Никитин жазбасына түскен. Сол кезде Шыңғыстау обаларын зерттеудiң болашағы бары болжанған едi. Өлкенi археологиялық қырынан зерттеуге байланысты «Семей уезiнiң оңтүстiк шегарасы және ең бастысы, Шыңғыс тауы ескерткiштерiмен маңызды мәнге ие» деп жазды ғалым еңбектерiнде.

Соңғы елу жылдан астам уақыт iшiнде кеңес археологтары осы өңiрде өздерiнiң ғылыми iзденiстерiн iшiнара жалғастырса, бүгiнде ондағы зерттеу жұмыстарын Қазақ елiнiң ғалымдары (З.Самашев, Ә.Төлеубаев, А. Исин, Е. Сайлаубай) жандандыруда.

1947 жылы Орталық мұражай тарапынан ұйымдастырылған этнографиялық экспедиция Абай ауданындағы «Сарыкөл» ұжымшары маңында қола дәуiрi обаларын зерттедi. Археолог Л.К. Нифонтова да қазба жұмыстарын жүргiздi. Осы тұста елiмiздiң шығыс өлкесiне көрнектi археолог С.Черников та шақырылған едi. Осы аталған өлкеде ол 1949 жылы барлау жұмыстарын жүргiздi. Мұндағы тастан тұрғызылған құрылыстардан бөлек, Сарыкөл “тас жәшiктерiн” және андрондық қыш ыдыс үлгiлерiнiң бiршамасын 1949 жылы Л.Нифонтова, ал 1960 жылдары С.Черников жария еттi.

Ал кейiнгi зерттеу Шыңғыстау археологиялық экспедициясымен 1999 және 2002 жылдардан берi жалғасын тауып келедi. Экспедиция құрамында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетi ғалымдары мен студенттерi және Семей Мемлекеттiк университетiнiң ғалымдары болды. 2006 жылы бiрлескен қазақ-поляк ұжымы бiрлесе отырып, Қазақстаннан Археология институты қызметкерлерi (жетекшiсi З.Самашев) мен Семей қаласындағы Ш. Құдайбердиев атындағы Мемлекеттiк университет оқытушылары мен студенттерi, ал Польшадан Вроцлав университетiнiң Археология институтының оқытушылары мен студенттерi зерттеу жұмыстарын жүргiздi.
Экспедиция жұмысы барысында 2003 жылы табылған Сарыкөл жәдiгерлiк олжалары 2004 жылы А. Исиннiң жариялауымен көпшiлiкке танылды. Сондағы олжа арасында алтын құтыны ерекше атап өтуге болады.Ендi Сарыкөл қорымына тоқталар болсақ, бұл мекен Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының орталығы Қарауылдан оңтүстiк-батысқа қарай, 45-50 шақырым жердегi Шыңғыстаудың биiгiндегi Сарыкөл көлiнiң жағасына орналасқан. Ал ондағы және сол маңайдағы тас мүсiндердiң зерттеле бастағанына да көп уақыт болған жоқ. Әр жылдары жарық көрген басылым беттерiнде көне түркi дәуiрiнiң ескерткiштерiн сипаттаған, тарихи маңызды бастау көздер ретiнде түрлi композициялардың хронологиясы мен интерпретациясы берiлдi. Мұндағы түркi тайпаларының жерлеу рәсiмiн археологиялық материалдар негiзiнде С.С. Черников, Ф.Арсланова, А.Чариков зерттедi.

Ал өткен 2007 жылғы Сарыкөл қорымының жергiлiктi жоспары түсiрiлiп, әртүрлi көлемде қатар жатқан (№12; 13; 14) яғни, тастан қалап тұрғызылған үш обалы кешенге және жанындағы құрбан шалу орнында қазба жұмыстары жүргiзiлген болатын.

Кешеннiң солтүстiгiндегi (№12) қоршаудың шығыс жақ бүйiрiнде 1,42 метр шамасында мүсiн-тас орнатылған. Мүсiннiң түр-келбетi ер адам бейнесiнде салынған, ал басы тұтасымен, мойын мен иықтары кескiнделе көрсетiлген. Бет-пiшiнi анық, көзi, қыр мұрны, мұрты мен сақалы қашау бедермен салынған. Мойнында үш бұрышты әшекей бар. Қолы анық көрсетiлмеген, тек екi жақ қаптал сұлбасы, арқасында жетi тарам бұрымы байқалады. Мүсiн қызыл граниттен сомдалған екен, биiктiгi - 2,32, енi - 0,41-0,36, қалыңдығы 0,37- 0,29 метр. Қазба жұмыстары барысында осы тас мүсiндi айнала от жағылған, формасы таға тәрiздi алау орны анықталды. Толық тазартқан кезде екi басының ұзындығы бiрдей 3,8, аралығы 3,3 метр болып шықты. Қара дақ пен тас мүсiннiң аралығы солтүстiк жағынан 1,5, оңтүстiк жағынан 1,4, шығысында 2,2 метр ашық алаңқай бар. Қара дақтың енi 0,70-0,80 метр, тереңдiгi 0,20-0,25 метр. Тас мүсiннiң оңтүстiгiнен, жер бетiндегi қара дақ iшiнен нашар сақталған жылқының астыңғы жақ сүйек қалдығы және тас мүсiннiң солтүстiгiнен бiр дана қызыл түстi опал моншақ табылды.

Мүсiн-тас түбiнен кiшкене алтын құмыра, көптеген алтын, күмiс жапсырмалар, темiр үзеңгi, айылбас, жебе мен найзаның ұшы табылды.

Құмыра - алтын, биiктiгi - 5,4 см, ернеу диаметрi - 2,8 см, салмағы 17,9 грамм. Құмыраның сабы бүйiрiне үш жапсырма шегемен бекiтiлген. Осы құтыға ұқсас ыдыстар әр мезгiлде, түркi тектi Алтай халықтары қоныстаған елдер аумағынан да табылған. Дегенмен олардың көлемi бұдан екi-үш есе үлкен. Құтыға қатысты, мұндай қымбат бағалы металдан жасалған ыдыс-аяқ түркi жұртының тұрмысында ерекше мәнге ие болған деуге болады. Құтының ғұрыптық мәнi сол, тоқшылық пен жұтамас байлықтың және өлген адамға көрсетiлген құрметтi бiлдiрген. Сондай-ақ, оның генеалогиялық танымға да әсерi барына тоқталған жөн. Ол турасында А.Исин Рашид ад-Диннiң “Жылнамасынан” мысалдар келтiрген.

Жапсырмалар. Құтының iшiнде жолақ, дөңгелек түрiндегi 10 алтын лента-қаңылтыр, 7 фигуралық, 4 кiшкене тiк бұрышты және де бұл жиынтықта әртүрлi конфигурациядағы 11 күмiс жапсырма бар. Әшекейлердiң қатарында қоладан жасалынған бiрнеше бұйым бар.

Ат әбзелi. Темiр ауыздық. Классикалық үлгiдегi екi құрамды 3 түрi табылды. Темiр үзеңгi. Сипатына тоқталар болсақ, үш үзеңгi де iлгек түрiнде, типi жағынан - көлденең-сопақша, iлгегi қабысыңқы, доға корпусы дөңгеленген.

Жалпы, Сарыкөл ескерткiштерi ондағы тас мүсiндердi зерттеу ғылымда қашанда берерi мол еңбек екендiгi дау тудырмайтыны хақ. Кешенге қатысты айтарымыз, бұл байырғы Түрiк кезеңiнiң, шамамен VIII ғасырға дейiнгi ескерткiшi деп пайымдап отырмыз. Одан арғы мәлiметтi, ендiгi жерде Мемлекеттiк “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында анықталады. Өйткенi, келешек атқарылатын археологиялық зерттеу жұмыстары тың деректердiң негiзiнде, аймақтың көне және орта ғасырлар тарихын жүйелi зерттеудiң игi бастамасына ықпал етерi хақ.

Ерлiк ТӨЛЕГЕНОВ,
Алпамыс АБУ,
Бауыржан БЕСЕТАЕВ,
Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкерлері

загрузка...
Категория: Қазақстан тарихы | Добавил: AgesSa
Просмотров: 1570 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Тут вы можете

скачать Шыңғыстау обаларының құпиясы

абсолютно бесплатно
Меню


загрузка...
Аудио жазбалар


Ислам


Наш опрос
Оцените мой сайт
Всего ответов: 6609

Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0

Все права защищены, копирование материалов разрешено только с активной ссылкой на этот сайт! © 2016 SiteMap №1 и SiteMap №2