Батырұлы Қайып хан мен оның әулетінің тарихы - Қазақ әдебиеті - Тегін қазақша рефераттар - Тегін қазақша рефераттар - Refa.kz - Все для школьников и студентов Казахстана!
Все рефераты Казахстана Понедельник, 05.12.2016, 11:28

Приветствую Вас Гость | RSS
Главная | Тегін қазақша рефераттар | Регистрация | Вход
загрузка...
Тегін рефераттар


загрузка...
Главная » Рефераты » Тегін қазақша рефераттар » Қазақ әдебиеті

Батырұлы Қайып хан мен оның әулетінің тарихы

Батырұлы Қайып хан мен оның әулетінің тарихы скачать

30.03.2010, 20:32
загрузка...
КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Республиканың тәуелсіздік тізгінін өз қолына алып, егемен ел болуы төл тарихымызды жаңаша зерделеуге мүмкіндік берді. Осыған орай бүгінде еліміздің тарихында өзіндік терең із қалдырған тарихи тұлғаларға ұлттық мүдде тұрғысынан лайықты баға беру жолында көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, тарихымыздың ақтаңдақ беттері ашыла түсуде. Себебі кез келген өркениетті елде тарих ғылымы сол елдің, халықтың жүріп өткен жолын, әсіресе күрделі тарихи кезеңдер мен сол кезеңдерде өзінің қоғамдық қызметімен тарихта терең із қалдырған жеке тарихи тұлғалардың өмір жолын зерттеу арқылы өзінің гуманистік міндетін орындап отырған. Оның үстіне әр кезеңде тарихи тағдырлары үздіксіз бұрмаланып келген жеке тұлғалар туралы тарихи шындықты қалпына келтіру бүгінгі ұлттық тарихымыздың қалпына келуі үшін де аса қажет. Өйткені тарихи тұлғаларға ұлттық көзқарас ұстану жас ұрпақтың бойында отаншылдық сезімді қалыптастыратыны белгілі.
XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ қоғамындағы тарихи тұлғалардың қоғамдық-саяси қызметін бағалау белгілі дәрежеде патшалы Ресей, Кеңестік заманда да қолға алынып, тарихи зерттеу еңбектерінде көрініс тапты. Бірақ қай заманда да үстем еткен билік тарихи тұлғаларды өз ыңғайына қарай зерттеуді ұйымдастырып отырды. Патшалы Ресей үшін, қазақ елінің хан, сұлтандары, би-батырлары орыс үкіметі жақтастары мен екінші топ «қарақшы», «барымташы», «жабайы» атауларымен анықталды. Бұл дәстүр кейін кеңестік тарихнамада да жалғасын тапты. Соның ішінде хан, сұлтандардың қоғамдық-саяси қызметтері, көзқарастары ашық бұрмалаушылыққа ұшырады. Кенесары тарихын зерттеген көрнекті тарихшы Е.Бекмаханов қудалауға ұшырады. Осыдан соң қазақ хандары мен сұлтандарының қызметтеріне оң баға берілмей, олардың тарихын толыққанды танып білу мүмкін болмады.
Ал бүгінде тәуелсіз елдің алға қарыштап дамуы тарихи шындықты мейлінше тереңдетіп зерттеуді, халқымыздың өзіндік жолы бар тарихын жаңа табылған деректерге сүйеніп зерттеуді талап етеді. Міне, осындай зерттеуді қажет ететін мәселелердің бірі – кезінде қазақ қоғамында билеуші топ болып есептелген Шыңғыс хан тұқымынан шыққан тарихи әулеттердің тарихы. Қазақ тарихындағы Шыңғыс хан әулеті туралы «Қазақ мемлекетінің іргетасын төре тұқымының өкілдері қалады. Қазақ қоғамында жоғары мәртебе иесі сұлтандар, яғни Шыңғыс ханның еркек кіндікті ұрпақтары – шыңғысзадалар болды. Олар қазақ қоғамындағы ең бір ықпалды күшке айналды. Шыңғыс тұқымының балалары туғаннан-ақ сұлтан атағын иемденіп, осынау әлеуметтік топтың тұқым қуалайтын мүшесі ретінде құқыққа ие болды. Әрбір шыңғысзада Шыңғыс хан ұрпақтарының қай әулетіне жататынына қарамастан хан тағына таласқа түсуге хақылы болды. Сондықтан да, қазақ шыңғысзадалары біресе қарақалпақтар мен қырғыздардың падишахы, біресе Хиуа мен Бұқар ханы міндетін атқарды» деп пікір білдірген Елбасы Н.Ә.Назарбаев әрі қарай «Біздің сан ғасырлық тарихымыздағы биліктің дәстүрлі институттарына баға бергенде, біз селдіреген ағаштың арғы жағындағы қара орманды да көре білуіміз керек. Бүгінде дүние жүзінің ең ірі мемлекетінің қатарына кіріп отырған Қазақстан- ның ұлан-байтақ жер көлемін сақтап қалуы қатардағы қолбасы батырлардың ерлігі арқасында ғана мүмкін болған нәрсе емес. Бұл қазақ хандары мен сұлтандарының даналығы мен көрегендігінің де жемісі болатын. Сонау алыс-жақын ғасырлардың өн бойында дала билеушілері аса қуатты империялардың қысымына және ішкі алауыздықтың дүмпуіне төтеп бере жүріп, ең басты байлығымызды – ұлттық тұтастық пен ұлттық жер аумағын сақтап қала алды. Тарихтағы өз рөлдерін түйсіне білген олар ұлттық мүдде үшін өлшеусіз қызмет етіп, пайдалы іс тындырып кетті» [1, 209-210, 227-228 бб.], - деу арқылы қазақ хандары мен сұлтандарының Отандық тарихтағы орнына жоғары баға берді.
Қазақ тарихындағы тарихи әулеттерді зерттеу қажеттігін алға тартып, оны Қазақстан тарихнамасының өзекті мәселелері қатарына жатқызып, алдағы уақытта бұл мәселелерді жүйелі түрде таразылап, шешу керектігіне тоқталған академик М.Қ.Қозыбаевтың: «Қазақ элитасының тарихы – тарихи шежірелік деңгейде жеке жанр болып қалыптаспай келеді. Қазақстанда бар тарихи әулеттер Уәлихановтар, Шормановтар, Бөкейхановтар, Кенесариндер шежіреленбей зерттеледі. Олардың әлеуметтік салттары, дәстүрлері қазақ халқының дамуына қосқан үлестері тереңнен зерттелсе, XVIII-XIX ғасырларда белгілі бір региондарда болған тарихи оқиғаларды толықтыра түсер еді» [2, 286 б.], - деуі тарихи әулеттерді зерттеудің бүгінгі күн үшін аса маңызды екендігін айғақтай түседі.
Сонымен біз зерттеп отырған Қазақстанның батыс өңіріндегі Батырұлы Қайып хан мен оның әулеті де жоғарыдағыдай тарихи әулеттердің қатарынан орын алады. Оның үстіне Қайып хан мен оның әулетінің тарихы XVIII-XIX ғасыр-лардағы Батыс Қазақстан өңірінің тарихымен тығыз байланысты болып табылады. Ол кезең орыс империясының Қазақстанды отарлап, оны күштеп бағындыруға жанталасып, мемлекеттік басқару жүйесін жойып, қазақ игілерін жік-жікке бөліп, бір-біріне айдап салып, неше түрлі қулық сұмдықты жүзеге асырған заман болатын. Мұның өзі тақырыптың өзектілігін арттыра түседі. Батыр хан тұсынан бастап бұл әулетке сенімсіздікпен қараған орыс үкіметі хандыққа бекітпегенімен Сыр бойы халқының ақ киізге көтеріп хан сайлауы олардың халық қолдауына ие болғандығын дәлелдей түседі. Кезінде Хиуаны билеп, одан соң Кіші жүз руларын басқарған, Сырым көтерілісі тұсында халық қолдауына ие болған Қайып хан, кейін Сырымды қолдаған Қайып хан ұлдары Әбілғазы хан, Бұрқан, Шерғазы сұлтандар, ХІХ ғасырда тарих сахнасына көтеріліп, қазақ елін біріктіруге ұмтылған Арынғазы хан, Хиуа хандығы бағытын ұстана отырып орыс отаршылдығына қарсы күрескен Жанғазы, Бөрі сұлтандар және Кіші жүзде хандық билік жойылуынан кейін енгізілген орыстық басқару жүйесіне тартылған Қайып хан ұрпақтары қазақ тарихындағы тарихи тұлғалар қатарынан сөзсіз орын алады. Оған олардың Ресей, Парсы, Қытай мемлекеттерімен және Хиуа, Бұхара хандықтарымен түрлі деңгейдегі байланыстарын қоссақ, тарихи әулеттің қадір-қасиеті, ел үшін сіңірген еңбегі, тарихтағы орны айқындала түседі. Сонымен бірге Батырұлы Қайып ханның қоғамдық-саяси қызметінің бүгінге дейін арнайы зерттелмеуі мен Қайып хан әулетінің тарихын Кіші жүз тарихымен сабақтастыра саралау тақырыптың өзектілігін одан әрі күшейте түсері анық.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Батырұлы Қайып хан мен оның әулетінің тарихы өздері өмір сүрген кезден-ақ қағаз бетіне түсіп, мұрағат құжаттарында жинақтала бастаған. Өйткені кез келген тұлғаның тарихы өзі өмір сүріп отырған кезеңмен тікелей байланысты болуына орай, Қайып хан әулетінің зерттелу тарихы XVIII-ХІХ ғасырлардан бастау алады. Алдымен сол дәуірдегі орыс зерттеушілері еңбектерінің маңыздылығын атап өтпекпіз.
Батыр, Қайып хандар туралы алғашқы мәліметтерді П.И.Рычков, Н.П.Рычков, И.П.Фальк, И.Г.Андреев еңбектерінен [3] кездестіреміз. П.И.Рычков «Орынбор губерниясының топографиясында» «Мұнда (Кіші жүзде – Ж.И.) олардан басқа сұлтандар бар, ал олардың арасында ерекше әйгілісі Батыр сұлтан, оның ұлы Қайып Хиуада бірнеше жылдан бері хан болып келеді», «қазіргі Хиуалық Қайып хан қазақ билеушілерінен, ол мұрагерлік жолмен емес, Хиуалықтардың қабылдауымен хандық құруда» десе, келесі «История Оренбургская» еңбегінде «Хиуалық Қайып ханның әкесі Батыр сұлтан Кіші жүзде айрықша ұлысқа ие» деу арқылы оның ордадағы ықпалын мойындап және Батыр, Қайып хандардың Кіші жүздегі Әбілқайыр, Нұралы хандармен арадағы өзара байланысына тоқталады. Сонымен бірге Батыр, Қайып хандардың 1750 жылы Орынборға елшілік жібергенін баяндайды.
1771 жылы қалмақ көшу кезінде қазақ даласына келген капитан Н.П.Рычковтың күнделік жазбаларында қалмаққа қарсы күреске Қайып ханның өз әскерлерімен қатысқандығы және кезінде Қайыпты Нәдір шахқа елші қылып жіберген Кіші жүз ханы Әбілқайыр екендігі көрсетілген. Капитан пікірінше, Кіші жүздің кейбір руларын басқарған Қайып хан Нұралы ханнан тәуелсіз болған.
1768-1774 жылдары академиялық экспедиция құрамында болған швед дәрігері И.П.Фальк өз еңбегінде Хиуаны билеген қазақ сұлтандарын «қырғыз ханзадалары» дей отырып, «Нұралы ханнан кейін Хиуаны қазақ сұлтаны Батырдың ұлы Қайып хан басқарды» деп пайымдайды.
1785 жылы Орта жүзге қатысты мәліметтер жинаған капитан И.Г.Андреев «Алшын болысында айрықша хан Қайып бар. Ол Нұралы, Уәли хандармен тең және олардың ешқандай билігінде емес» деп сипаттады. Сонымен Қайып ханның көзі тірісінде мәлімет қалдырған Н.П.Рычков, И.Г.Андреев жазбалары Қайып хан беделінің Кіші жүз ханы Нұралымен және Орта жүз ханы Уәлимен тең дәрежеде болып, олардан тәуелсіз билік құрғанын дәлелдейді. Мұның өзі Қайып ханның Кіші жүз тарихындағы орнын нақты айқындай түсуге көмектесері сөзсіз.
ХІХ ғасырда Ресей үкіметі Қазақстан тарихын зерттеуді мемлекеттік тұрғыдан қолға алды. Алдымен отарланушы объект ретінде Қазақстан жан-жақты анықталып, содан соң үкімет саясаттарын батыл жүргізу мақсатында арнайы зерттеу тапсырмалары берілді. Осы бағытта А.И.Левшиннің [4] іргелі еңбегі жарық көрді. Онда Батыр, Қайып, Әбілғазы хандардың қызметтері сөз етіледі. Батыр, Қайып хандардың Әбілқайыр, Нұралы хандармен арадағы өзара байланысына тоқталған зерттеуші «Батыр өз әкесінің Әбілқайырға деген жек көрушілігін жалғастырып, оның билігін ешқашан мойындаған жоқ және Ресеймен ұзақ уақыт ешқандай байланыс жасамады» деген біржақты көзқарас түйеді. Сырым батыр көтерілісі кезінде Қайыптың Кіші жүзге хан болуға екі рет ұсынылғанын көрсете отырып, патша үкіметінің Қайыпты хандыққа бекітпеу себептеріне талдау жасады. А.И.Левшин Батыр, Қайып, Әбілғазы хандардың орыс үкіметі бекіткен хандар тізіміне жатпайтындығына айрықша көңіл бөледі. XVIII ғасыр мен XIX ғасыр басындағы Кіші жүздегі саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдай жөнінде пікір білдірген зерттеуші еңбегінен орыс үкіметінің саясатын байқауға болады.
ХІХ ғасырда Ресейдің Орта Азиялық Хиуа, Бұхара хандықтарын зерттеудің нәтижесінде дүниеге келген Н.Н.Муравьев, Е.К.Мейендорф, Г.И.Данилевский, В.Я.Ханыков [5] еңбектерінде Қайып хан мен оның ұрпақтарының тарихына қатысты ой-пікірлер кездеседі. 1819 жылы қарашада келіссөздер үшін Хиуада болған капитан Н.Н.Муравьев Шерғазы хан (Қайып хан ұлы – Ж.И.) басқарған қазақтардың жыл сайын Хиуа ханы Мұхаммед Рахимға алым-салық төлейтінін және сол тұста Шерғазының Хиуада қайтыс болғанын, содан соң Хиуа ханы Шерғазы орнына, оның ұлдарының бірін мұрагерлікке тағайындағанын жазады.
1820 жылғы Бұхара сапары негізінде жарық көрген монографиясында капитан Е.К.Мейендорф Нәдір шах замандасы Бұхар ханы Әбілпейіздің қызы Хиуа ханы Қайыпқа тұрмысқа шыққанын, Қайыптың қазақ тегінен екендігін баяндады. Бірақта орыс елшісі Хиуа ханы Мұхаммед Рахимды (1806-1825 жж.) Қайып ұрпақтарының бірі деген қате қорытындыға келген. Қайып хан немересі Арынғазы хан ауылында болып, онымен жеке танысқан Е.К.Мейендорф алғаш рет Арынғазының тарихи бейнесін жасап, оның қазақтар арасындағы қадір-қасиетінің, беделінің ерекше жоғарылығын көрсетті.
XIХ ғасырдың 50-70 жылдары В.В.Вельяминов-Зернов, В.В.Григорьев, Л.Мейер, И.Казанцев, Л.Костенко, Н.Веселовский [6] еңбектері жарық көрді. 1748-1765 жылдардағы қазақ еліндегі саяси ахуал мен Ресейдің Орта Азиямен байланысына арнаған еңбегінде В.В.Вельяминов-Зернов Қайып ханның Хиуа хандығындағы қызметіне қатысты материалдарды жариялады. Автор Орынбор мұрағат деректері негізінде Кіші жүзде Әбілқайыр хан өлімінен кейін 1748 жылы 15 қазанда Батыр сұлтанның хан сайланғанын, Батыр, Қайып хандар мен Нұралы хан арасындағы және Қайыптың Хиуада хан болған кезіндегі орыс-хиуа, қазақ-хиуа арасындағы қарым-қатынастар тарихын баяндады.
Бас штаб офицері Л.Мейер еңбегі Қайып хан әулеті тарихының біз зерттеп отырған кезеңін толық саралауымен ерекшеленеді. Оның зерттеуінен орыс үкіметінің Кіші жүздегі саясатына, Қайып хан ұрпақтарына қатысты мол деректер кездестіреміз. Л.Мейер еңбегінің ерекшелігі сол – ол алғаш рет Қазақстанның батыс өңірінің қоғамдық-саяси өмірінде өз іздерін қалдырған көптеген Қайып хан ұрпақтарының ХІХ ғасырдың 60-жылдарына дейінгі кезеңдегі қызметтеріне қатысты тарихын жарыққа шығарды. Еңбектен Қайып ұрпақтарының бір бөлігінің Кіші жүздегі орыс үкіметі саясатын қолдаса, екіншілерінің Орта Азия хандықтары бағытын ұстанғандығын байқаймыз. Алайда автор көзқарасының сол кездегі орыс үкіметі ұстанымынан алшақ кетпегендігі аңғарылады.
«Шерғазы Қайыпұлының бабалары әрқашан Хиуа және Бұхара иеліктеріне жақын жерде тұрақтады, ал оның әкесі тіпті біраз уақыт Хиуаны басқарды» деп пайымдаған И.Казанцев Шерғазыны 1822 жылы өлген деп қате қорытынды жасады. Сонымен бірге автор Арынғазы Әбілғазыұлы, Жұма Құдаймендіұлы, Жантөре Жиһангерұлы, Ахмет Жантөреұлы туралы өз ой-пікірлерін білдіреді.
Бас штаб капитаны Л.Костенко өз еңбегінде «1770 жылы Хиуа хандығына тағы бір орыс боданы, қазақ ханы Қайып шақырылды» деп жазады. Біздіңше автор Қайыпты баласы Жиһангер сұлтанмен шатастырған. Себебі, біріншіден, Қайып Хиуаны 1747-1758 жылдар аралығында басқарса, екіншіден, 1770 жылы Хиуада Қайыптың ұлы Жиһангер хан болды.
Шығыстанушы Н.Веселовскийдің Хиуа хандығын басқарған хандарға арнаған еңбегінен Қайып хан мен оның әулетінің тарихына қатысты мәліметтерді кездестіреміз. Қайып хан мен оның ұрпақтарының қызметін саралауда автор өзіне дейінгі зерттеушілердің көзқарастарын қайталаумен шектеледі. Сонымен қатар еңбекте Қайып хан тарихына қатысты кейбір жаңсақ пікірлерде орын алғандығын баса көрсетеміз.

загрузка...
Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: AgesSa
Просмотров: 1153 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Тут вы можете

скачать Батырұлы Қайып хан мен оның әулетінің тарихы

абсолютно бесплатно
Меню


загрузка...
Аудио жазбалар


Ислам


Наш опрос
Оцените мой сайт
Всего ответов: 6609

Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0

Все права защищены, копирование материалов разрешено только с активной ссылкой на этот сайт! © 2016 SiteMap №1 и SiteMap №2