1920-1940 жылдар аралығында - Қазақ әдебиеті - Тегін қазақша рефераттар - Тегін қазақша рефераттар - Refa.kz - Все для школьников и студентов Казахстана!
Все рефераты Казахстана Пятница, 02.12.2016, 22:47

Приветствую Вас Гость | RSS
Главная | Тегін қазақша рефераттар | Регистрация | Вход
загрузка...
Тегін рефераттар


загрузка...
Главная » Рефераты » Тегін қазақша рефераттар » Қазақ әдебиеті

1920-1940 жылдар аралығында

1920-1940 жылдар аралығында скачать

30.03.2010, 20:38
загрузка...
Қайып хан бабалары шежіресіне қатысты деректер қазақ зиялылары Ш.Уәлиханов, Қ.Халид, Ш.Құдайбердіұлы [9] еңбектерінен табылады. ХХ ғасырдың басында қазақ тарихнамасы Х.Досмұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанұлы [10] еңбектерімен толыға түсті. Бұл зерттеулер XVIII – XIX ғасыр-лардағы қазақ қоғамындағы саяси жағдайды, Ресей отаршылдығына қарсы болған ұлт-азаттық көтерілістер тарихын қамтыды. Қайып хан тарихына қатысты Қ.Кемеңгерұлы өз пікірін былай білдірді: «Қара халық өзінің азаттығы, тыныштығы болмағандығын Әбілқайыр балаларының өзара таласуынан көріп, Әбілқайыр тұқымынан хан сайланбасын деді. Сонда да ел хансыз тұра алмаймыз деп, екі жарылып, бір бөлегі Хиуа ханы Қайыпты қалап, екінші бөлігі Нұралының өзін қалады. ...Үкімет хан сайлауға айналған соң, 1790 жылдан бастап Сырым батыр үкіметке ашық қарсы болып, 1791 жылы құрылтай шақырды. «Орыс сайлаған ханның бізге керегі жоқ»,-деп, Қайып балаларына қосылып кетті».
1920-1940 жылдар аралығында А.Ф.Рязанов, А.П.Чулошников, В.В.Бартольд, С.Асфендиаров, М.Тынышпаев [11] зерттеулері жарық көрді. А.Ф.Рязанов XVIII-XIX ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихына қатысты бірнеше еңбек жазды. Ғалымның «Сорок лет борьбы за национальную независимость казахского народа» атты еңбегі мұрағат деректеріне негізделген алғашқы сүбелі зерттеу еді. Аталмыш еңбек Қайып хан ұрпақтары Шерғазы Қайыпұлы, Арынғазы Әбілғазыұлы, Арду Әбілғазыұлы, Мәненбай Шерғазыұлына қатысты бұрын беймәлім болып келген материалдарды жариялауымен құнды. Зерттеуші Қайып хан ұрпақтары арасындағы байланысқа назар аударғанымен, оны толық ашуға, тарихи оқиғаларды жазуда бірізділікті сақтауға, деректі сыни бағалауға мән бермеген. Орынбор мұрағатындағы құжаттарды толықтай тарихи талдау жасамай сол күйінде жариялауына байланысты кейін М.П.Вяткин А.Ф.Рязанов еңбегіне орынды сын айтқанды.
Қайып ханның Хиуадағы қызметіне қатысты мәліметтерді Орта Азиялық жазба деректерді пайдаланған академик В.В.Бартольд еңбегінен табамыз. Ғалым Қайыптың Хиуада басқаларға қарағанда тақты ұзақ иеленгенін атап көрсетеді. Дегенмен Батырұлының хандық биліктің маңызын қайта қалпына келтіру әрекетінің сәтсіз аяқталғанын, одан кейін хандыққа түрікше Қарабай есімін иеленген, Қайыптың інісі Абдолла отырғанын баяндады.
М.Тынышпаев, С.Асфендиаров зерттеулері мемлекеттік қызметте жүріп жүзеге асты. М.Тынышпаев қазақ шежіресіне, қазақ хандығының құрылуына, хандар шежіресіне, XVIII ғасыр басында қалыптасқан жағдайға талдау жасады. С.Асфендиаров болса алғаш рет Қазақстанның көне заманнан 1917 жылға дейінгі тарихын жазып шықты.
ХХ ғасырдың 40-жылдары Қазақстан тарихы бойынша Е.Бекмаханов пен М.П.Вяткиннің [12] сүбелі еңбектері жарық көрді. М.П.Вяткиннің «Сырым батыр» монографиясы Қайып хан әулетіне қатысты тарихи пайымдауларымен құнды. Ғалым тікелей Қайып ханның Кіші жүздегі қоғамдық-саяси қызметіне қатысты өз ой-пікірін білдірді. Еңбектегі Батыр, Қайып, Әбілғазы хандар, Шерғазы сұлтан туралы пікірлердің маңыздылығын атап өтеміз. М.П.Вяткин пікірінше Батыр, Қайып, Әбілғазы хандар Ресейге бағынған емес. Дегенмен, ғалым деректерді пайдалануда кейбір қателіктер жіберді. Мәселен, Қайыптың Хиуадан Кіші жүзге 1756 жылы емес, 1758 жылдың басында оралғанын, Батырұлы Бөрі сұлтанның қарақалпақтар қолынан 1762 жылы емес, 1758 жылдың қысында өлгендігін мұрағат құжаттары дәлелдейді.
Е.Бекмаханов еңбегінде ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстандағы саяси жағдай жан-жақты талданды. Ғалым сол кезеңдегі Ресей империясы мен Орта Азия хандықтарының Қазақстанға жүргізген ықпалын анықтады. Қайып хан немересі Арынғазыны ХІХ ғасырдың басындағы аса ірі саяси қайраткерлерінің бірі ретінде бағалады. Сонымен бірге зерттеуші Қайып хан шөбересі, Кіші жүздің Шығыс бөлігінің билеуші сұлтаны Ахмет Жантөриннің орыс әскерлерімен бірге Кенесары көтерілісін басу үшін жасалған жорықтарға қатысқанын баяндады.
Е.Бекмаханов монографиясына арнайы ұйымдастырылған шабуылдан кейін қазақ қоғамындағы ақсүйектердің рөлін төмендету, оларды халқынан бөліп қарау, сұлтандар бастаған қозғалыстар «ішкі тартыстар», «керітартпа оқиғалар» ретінде түсіндіріліп, Қазақстанның Ресейге қосылуының прогрестігі баса көрсетілді. Мұндай партиялық талап пен таптық принципке негізделген бағыт-бағдарға қарамастан, Қазақстан тарихы жаңа зерттеулермен толыға түсті. XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары, Қазақстанның қоғамдық-саяси құрылымы Н.Г.Аполлова, Е.Б.Бекмаханов, С.Е.Толыбеков, С.З.Зиманов, Н.Е.Бекмаханова, А.Сабырханов, Б.С.Сүлейменов, В.Я.Басин, Т.Шойынбаев, Ж.Қ.Қасымбаев, Р.Б.Сүлейменов, В.А.Моисеев [13] зерттеулерінің негізгі арқауы болды.
Қайып хан әулетіне қатысты деректер сол кездері жарық көрген Қазақстан мен Орта Азия хандықтарының қарым-қатынастары тарихына арналған П.П.Иванов, У.Х.Шәлекенов, Н.А.Халфин, С.Камалов, Ж.Уббиниязов, А.Кощанов [14] зерттеулерінде де кездеседі.
Қазақстан тарих ғылымының жаңаша даму кезеңі, бұрынғы еңбектерді ой-елегінен өткізіп талдау жасау, оған жаңаша көзқарас егемен ел болудан басталды. Осы уақыттан бастап қазақ қоғамындағы тарихи тұлғаларға ерекше назар аударылып, ұлттық тарихымыздың өткен-кеткені жан-жақты қарастырыла бастады. Тың деректердің ғылыми айналысқа енуі, тарихи ой-пікірдің жаңаша өрбітілуі төл тарихымызды толықтыра түсті. М.Қ.Қозыбаев, К.Нұрпейіс, З.А.Алдамжар, К.Л.Есмағамбетов, И.Н.Кенжалиев, Ж.Қасымбаев, М.Әбдіров, С.Мадуанов, С.М.Мәшімбаев, М.У.Шәлекенов, Ж.О.Артықбаев, В.З.Галиев, Е.Ж.Валиханов, И.В.Ерофеева, Ж.М.Тулибаева, А.Б.Абдуалиев [15], т.б. отандық тарихшыларымыздың жаңа еңбектері ұлт тарихының көп ғасырлық болмысын тереңдеп зерделей бастады және ХVIIІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ қайраткерлері тарихын жаңа биікке көтерді.
Соңғы уақытта Батыс Қазақстан өңірінің әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелерін, тарихи тұлғаларының қоғамдық-саяси қызметтерін кешенді зерттеу дамып келеді. Тарихшылар Т.З.Рысбеков, Б.Қ.Бірімжаров, М.Н.Сдықов, Ә.Қ.Мұқтар, Ғ.Е.Қарабалин, Ұ.Т.Ахметова, А.Қ.Ахмет еңбектері мен С.Б.Құрманалин, Г.Б.Ізбасарова, Ж.Ж.Жақсығалиев, А.Қ.Қарамурзина диссертациялары [16] соның дәлелі. Әсіресе ХVIIІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ мемлекет қайраткерлерінің саяси-тарихи кескіндемелерін қайта сомдауда тарихшы Ә.Мұқтардың еңбегі елеулі. Ғалым отандық, ресейлік мұрағаттардан аталмыш кезеңдегі саяси тұлғалардың қыр сырының бұған дейін беймәлім болып келген нақты деректерін тауып, жүйелеумен қоса, оларды сараптап, бағалауда аса тың, әділ пайымдаулар мен соны көзқарастар ұсынып келеді.
Қайып хан әулетін зерттеуде Ұ.Ахметованың кандидаттық диссертациясы негізінде жарық көрген «Арынғазы хан» еңбегінің орны ерекше. Қайып хан немересінің тарихына қалам тербеген зерттеушінің «Отандық тарихнамадағы олқылықтың бірі – Батыр хан ұрпақтарының ел басқарудағы рөлін төмендете көрсету ұстанымы тың тұжырым, өткенге жаңаша көзқарас тұрғысынан қайта қаралуы тиіс» [16, 38 б.] дегенді алға тартуы Қайып хан әулеті тарихын зерттеу қажеттілігін одан әрі айқындай түседі.
Қорыта келгенде, қазіргі уақытқа дейін Батырұлы Қайып ханның жеке басы, оның қоғамдық-саяси қызметі арнайы зерттеуге айналмаған. Жоғарыдағы зерттеулерде Қайып хан жөніндегі бұрыннан белгілі, қалыптасқан пікірлер қайталанады. Оның үстіне ХVIIІ-ХІХ ғасырларда Қазақстанның батыс өңірінде терең із қалдырған Қайып хан ұрпақтарының тарихы кешенді әрі жеткілікті түрде зерттелмеген болатын. Сондықтан біздің жұмысымыздың басты мақсаты да Қайып хан мен оның әулетінің Қазақстан тарихындағы орнын анықтап, олар туралы аз да болса жарияланған мәліметтердің өзін тәуелсіз ел талабымен, жаңаша саралап, бұрын беймәлім болып келген, ғылыми айналымға түспеген мұрағат құжаттары арқылы зерттеу болып табылады.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері: Соңғы жылдары қазақ тарихында айрықша із қалдырған тарихи тұлғалар тарихы мен тағдырын, қоғамдық-саяси қызметі мен іс-әрекетін, бүгінгі егемендігімізге қосқан үлесін зерделеуге ерекше назар аударылуда. Осыдан туындайтын қажеттілік XVIII ғасырдың 40-жылдары мен ХІХ ғасырдың 60-жылдары аралығындағы Қайып хан әулетінің тарихын зерттеу арқылы осы әулеттің қазақ қоғамындағы орны мен ролін саралау біздің мақсатымыз болып отыр.
Ол үшін алдымызға мынадай міндеттерді қойдық:
- Қайып ханның қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына әсер еткен ата-бабасының қазақ тарихындағы орны мен ролін жаңаша ой елегінен өткізу және XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы Кіші жүздің Ресейге қосылу кезіндегі Қайып әкесі Батыр сұлтанның көзқарасын анықтау;
- Қайыптың Хиуа хандығындағы қызметін, Хиуа ханы ретінде оның Нұралы ханмен, Ресеймен арадағы қарым-қатынастарын жаңаша пайымдап, тың мұрағат деректері арқылы толықтыра, салыстыра отырып, заман талабына сай қорыту;
- Қайыптың Хиуадан Кіші жүзге оралуынан кейінгі өмірі мен қызметі, Батыр хан қайтыс болғаннан кейін Сыр бойы қазақтарын басқаруы, Сырым көтерілісі кезінде Кіші жүз старшындарының Қайыпты Кіші жүз хан тағына көтеруін, олардың дәстүрлі хандық басқаруды сақтауға ұмтылысын, Қайып ханның Кіші жүздің белді тұлғаларымен және Орынбор, Астрахань әкімшілігімен арадағы байланыстарын соны мұрағат құжаттарымен саралау;
- Қайып ханнан кейінгі оның ұрпақтары Әбілғазы, Шерғазы т.б. сұлтандардың қызметтерін жаңаша саралап, олардың Ресей, Хиуа, Бұхарамен және Нұралы хан ұрпақтарымен арадағы қатынастарын анықтау арқылы тарихи тұлғалар ролін бағалау;
- Қайып хан ұрпақтарының Ресей империясы бағытындағы ұстанған саясатына талдау жасау арқылы, олардың қазақ мемлекеттігін біріктіру мен дәстүрлі хандық басқаруды сақтап қалу жолындағы қызметтерін және Қайып хан ұрпақтарының тарихы арқылы ХІХ ғасырдағы қазақ елінің дамуын Ресеймен, Хиуамен, Бұхарамен байланыстырып, аталған елдердің алдына қойған жоспарларын, оның жүзеге асуы деңгейін айқындау;
- Хандық биліктің жойылуынан кейінгі Батыс Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістерді анықтау арқылы Қайып хан ұрпақтарының орыс саясаты негізінде құрылған басқару жүйесіне тартылуын және олардың өлкедегі қызметтерін ашып көрсету;
- Қайып хан ұрпақтарының Хиуа хандығы бағытындағы қызметтеріне жаңаша талдау жасау және олардың Қазақ даласына тереңдей енген отаршыл орыс саясатына қарсы жүргізген күресін зерделеу арқылы қазақ елінің өз тәуелсіздігі үшін жанқия күрескен жылдарынан тарихи оқиғаларды айқындай түсу;
Аталған міндеттердің барлығы таңдап алынған зерттеуіміздің маңыздылығын айғақтап қана қоймай, сонымен бірге XVIII-XIX ғасырлардағы ұлттық тарихымызды толықтыра түседі.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері: Қайып ханның тарих сахнасына көтерілген 1745 жылдан бастап оның әулетінің 1860-шы жылдарға дейінгі аралықтағы тарихын қамтиды. Себебі патша үкіметі 1867-1868 жыл-дардағы реформаға сәйкес сұлтандық билікті жою арқылы Шыңғыс ұрпақтарын қазақ даласындағы ел билеу құқықтарынан айырған болатын. Қайып хан мен оның ұрпақтарының қызметі Кіші жүз, Орта жүз, Хиуа, Бұхара, Ресей мемлекеті территорияларында өрбіді. Аталған жылдары көрсетілген ұлан-ғайыр аймақта Ресейдің отарлау саясаты қарқынды дамып, хандық басқаруды күштеп жоюмен, оған қарсы ұлт-азаттық қозғалыстардың өрбуімен және Ресейдің ол жерлерді толық отарлап, өзіне қосып алуымен ерекшеленеді.
Зерттеу жұмысының негізгі нысаны: Қайып хан мен оның әулетінің тарихы арқылы XVIII-ХІХ ғасырлардағы белгілі қазақ азаматтарының мемлекеттілік, елдің бірлігі мен болашағы жөніндегі саяси қимылдарын саралау және олардың Ресей, Парсы, Қытай, Хиуа, Бұхара мемлекеттерімен байланысын жаңа деректер арқылы зерделеу. Осындай бағытта ғана Батырұлы Қайып хан мен оның әулетінің тарихы тұтастай бір жүйеге келеді.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі: Диссертацияда алға қойылған мәселелердің мәнін жан-жақты ашу үшін тарих ғылымындағы әлемдік және осы заманғы зерттеу методологиясының ғылыми әдістері пайдаланылды. Объективтілік, тарихилық, жүйелілік, салыстырмалық және талдау, жинақтау, даму сияқты ғылыми таным принциптері басшылыққа алына отырып, зерттеу тақырыбы бойынша мұрағат құжаттарын, жарық көрген әдебиеттерді сыни тұрғыдан сараладық.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: Батырұлы Қайып ханның қоғамдық-саяси қызметі арнайы зерттеуге айналған емес. Әр жерде жарық көрген, өзара қайталанып жүрген мәліметтер тарихи тұлғаның бейнесін толық негізде ашпайды. Оның үстіне Қайып хан әулетінің тарихы XVIII-ХІХ ғасыр-лардағы Қазақстан тарихындағы ақтаңдақ беттерінің бірі екені даусыз. Себебі патшалы Ресейдің қазақ даласын отарлау саясатының басталуы, кейін ішкерілеп енуі, дәстүрлі хандық басқару жүйесін жоюы, халық азаттық қозғалыстар, Қазақстанның толықтай отар елге айналуының барлығы сол кезеңде болғанды. Осындай қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдайда Қайып хан ұрпақтарының бірі Ресей, екіншілерінің Орта Азия хандықтары бағытын ұстанғандығы тарихи деректер негізінде соны көзқарастармен анықталды. Қайып хан әулетімен қазақ қоғамындағы белді ел игілерінің арасындағы қарым-қатынас төркіні жаңаша зерделенді. Сонымен бірге Отандық тарихнамада аты аталмай, қызметтері белгісіз болып келген кейбір Қайып хан ұрпақтарының тарихы ғылыми тұрғыдан талдауға алынып, мол мұрағаттық құжаттар арқылы сараланып, ғылыми айналымға алғаш рет енгізілді. Мұның барлығын өзара байланыстырып, жүйелеп, кешенді түрде зерттеу тұңғыш рет жүзеге асып отыр.
Зерттеу жұмысының деректік негіздері: Диссертациялық жұмысты жазу барысында, Батырұлы Қайып хан мен оның әулетінің тарихына қатысты алдымызға қойған мақсат-міндеттерімізді орындау үшін бүгінге дейін жарық көрген, зерттеу жұмысымызға тікелей қатысы бар деректер пайдаланылды. Қазақстан тарихына қатысты деректерді жинау, оны жариялау тарихы патшалы Ресей заманында басталғанымен, кең түрде дамуы, тақырыбымызға байланысты мұрағат құжаттарын жинақтау кешегі Кеңестік жүйеде жүзеге асырылды. Сонымен қатар бүгінде мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген деректерде қолданысқа енді. Батырұлы Қайып хан мен оның әулетінің тарихын саралауда біз үшін төмендегі құжаттар мен материалдар жинақтары айтарлықтай көмек жасады.
1869 жылы жарық көрген «Архив государственного совета» жинағында Қайып хан мен оның ұлдары Әбілғазы, Шерғазы қызметтеріне қатысты құнды деректер бар [17]. 1908-1915 жылдар аралығында Ташкентте полковник А.Г.Серебренниковтың құрастыруымен басылып шыққан «Сборник материалов для истории завоевания Туркестанского края» жинағының І-VII томдарында Қайып хан ұрпақтары Жанғазы Шерғазыұлы, Бөрі Тәукеұлы, Алланазар Жанғазыұлы, Алтынғазы Нұрымұлының Хиуа хандығымен және Ресеймен арадағы байланыстарын анықтайтын деректер жарияланды [18]. 1935 жылғы «Материалы по истории Каракалпаков» жинағында ХІХ ғасырда Әбілғазы хан мен қарақалпақтар арасындағы байланысты, Хиуа ханы Мұхаммед Рахимның Әбілғазы, Арынғазы хандар иелігіне жасаған шабуылдары туралы мәліметтер берілген [19]. 1936 жылы жарық көрген «Материалы по истории Башкирской ССР» жинағында Қайыптың атасы Қайып хан тарихына қатысты құжаттар бар. Жинақта Тәуке ханның қайтыс болуынан соң Қайыптың хан сайланғаны, оның Ресеймен жүргізген байланыстары көрсетілген [20]. Шығыс деректері негізінде 1938 жылы жарияланған «Материалы по истории туркмен и Туркмении» жинағында Хиуада хан болған Қайып ұлдарының қызметі мен XVIII ғасырдағы Кіші жүз бен Хиуа арасындағы қатынастар туралы деректер кездеседі [21].
1940 жылғы «Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.)» жинағында басылған және жанында кейбір араб тілдеріндегі түпнұсқалары қоса берілген 151 құжаттың 43-і Қайып хан мен оның ұрпақтары Әбілғазы, Шерғазы, Арынғазы т.б. қызметтеріне тікелей қатысы бар маңызды деректер болып табылады [22]. 1948 жылы «Материалы по истории Казахской ССР (1741-1751 гг.)» жинағы Мәскеу мұрағатында сақтаулы 140 құжатты жариялады. Құжаттың 22-і Батыр мен Қайып хандардың қызметтерін саралауда құнды дерек көздеріне жатады. Онда Батырдың Кіші жүздегі қызметі, хан сайлануы, Қайыптың Хиуадағы қызметі, Батыр, Қайып хандардың Әбілқайыр, Нұралы хандармен және Орынбор әкімшілігімен арадағы байланыстары көрініс табады [23]. 1960 жылғы «Материалы по истории политического строя Казахстана» жинағындағы 137 құжаттың 7-і Батыр сұлтан, Қайып хан және Жұма Құдаймендіұлының тарихынан сыр шертеді [24]. 1961 жылы жарияланған «Казахско-русские отношения XVI-XVIII веках» жинағындағы 276 құжаттың 49-ы Қайып (Хұсырауұлы – Ж.И.), Батыр, Қайып хандардың және Батырұлы Бөрі сұлтанның қызметтеріне қатысты маңызды тарихи мұралар бола алады [25]. 1964 жылы жарық көрген «Казахско-русские отношения XVIІІ-XIХ веках» жоғарыдағы жинақтың жалғасы болды. Ол 1771 жылдан бастап 1867 жылдар аралығындағы Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Алматы қалаларындағы мұрағат қорларынан алынған материалдарды баспадан шығарды. 353 құжаттың 16-ы Қайып хан мен оның ұрпақтары Жантөре Жиһангерұлы, Ахмет Жантөреұлы, Жанғазы Шерғазыұлы, Бөрі Тәукеұлы және Нұрым Әбілғазыұлының қызметтеріне арналған [26].
1963 жылы шыққан «Русско-туркменские отношения в ХVIIІ-ХІХ вв.» жинағында Батырханұлы Қарабай, Қайыпұлы Шерғазы сұлтандар және қазақ-түрікмен, қазақ-хиуа байланыстары туралы материалдар бар [27]. Парсы, түрік деректері негізінде 1969 жылы жарық көрген «Материалы по истории Казахских ханств» жинағында Батыр, Қайып хандардың және Қайып ұлдарының Хиуадағы іс-әрекеттеріне қатысты мәліметтер келтірілген [28].
1998 жылы жарияланған қытай деректері негізіндегі «100 құжат» жинағында Батыр, Қайып хандардың Қытаймен байланыс жасап, Пекин сарайына елшілер жібергендігін дәлелдейтін деректер жарияланды [29].
1996 жылы Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа, 2002 жылы Бөкей Ордасы тарихына арналып жарық көрген жинақтарда да Қайып хан ұрпақтарына қатысты мәліметтер кездеседі [30].
2005 жылы жарияланған «История Казахстана в персидских источниках» [31] жинағында Қайып хан генеалогиясына қатысты деректер келтірілсе, ал «История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков» [32] жинағынан Батыр, Қайып хандарға және олардың ұрпақтарына қатысты материалдарды табамыз. Міне, осындай мол құжаттар мен материалдар көрсетілген жинақтарда жарық көргенімен, бүгінге дейін ғылыми айналысқа түспеген мұрағат деректері баршылық. Олар негізінен Мәскеу, Орынбор, Астрахань, Ташкент, Алматы мұрағаттарында сақтаулы.
1. Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік Мұрағаты (ҚРОММ) – №4 Орынбор қырғыздарының облыстық басқармасы қорында Қайып хан әулетінің тарихына қатысты көптеген құжаттар бар.
2. Ресей Империясының Сыртқы Саясат Мұрағаты (РИССМ) – №122 Қырғыз-қайсақ істері, №125 Ресейдің Хиуамен қатынасы, №109 Ресейдің Бұхармен қатынасы қорларында Батыр, Қайып хандардың және олардың ұрпақтарының тарихы туралы маңызды материалдар сақталған.
3. Ресей Мемлекетінің Әскери-Тарихи Мұрағаты (РМӘТМ) – №52 Г.А.Потемкин, №231 П.П.Сухтелен, №483 Орта Азияға әскери қимылдар, №846 ВУА қорларында Қайып хан мен оның ұрпақтарының қоғамдық-саяси қызметтеріне қатысты деректер мол.
4. Ресей Мемлекетінің Көне Актілер Мұрағаты (РМКАМ) – ІІ Екатерина кабинетінің №10, П.А.Зубовтың №193, Сарай бөлімінің №1239 қорларында Қайып хан мен оның ұрпақтарына қатысты мәліметтерді кездестіреміз.
5. Ресей Федерациясының Орынбор облыстық Мемлекеттік Мұрағаты (РФОрОММ) – №1 Орынбор экспедициясының, №2 Орынбор комиссиясының, №3 Орынбор губерниясы канцеляриясының, №4 Симбирск және Уфа генерал-губернаторы канцеляриясының, №5 Орынбор шекаралық істері экспеди-циясының, №6 Орынбор генерал-губернаторы канцеляриясының, №166 Г.Ф.Генс қолжазбаларының қорларында Батыр, Қайып хандар және олардың ұрпақтарының қызметтеріне қатысты көптеген құнды деректер сақталған.
6. Ресей Федерациясының Астрахань облыстық Мемлекеттік Мұрағаты (РФАОММ) – №1 Астрахань азаматтық губернаторы канцеляриясының, №394 Астрахань губерниясы канцеляриясының қорларында Қайып ханның Астрахань қаласына аттандырған елшілігі туралы құжаттар бар.
7. Өзбекстан Республикасының Орталық Мемлекеттік Мұрағаты (ӨР ОММ) – №И-715 Г.Сереберенниковтың Орталық Азияны жаулауға байланысты жинастырған құжаттары қорынан Қайып хан немересі Жанғазы Шерғазыұлының өміріне қатысты деректер алынды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: Батырұлы Қайып хан және оның әулетінің тарихына қатысты барлық тарихи құжаттарды саралай отыра, XVIII-ХІХ ғасырлардағы қазақ қоғамындағы өзгерістер, Қайып хан мен оның ұрпақтарының Қазақстанның батыс өңіріндегі тарихи орнын, қазақ халқының оларға сенім артқанын аңғарамыз. Кезінде хан, сұлтандар тарихы біржақты қарастырылғанымен, бүгінде олардың қазақ халқы мен мемлекеттілігі үшін аянбай күрес жүргізгенін байқаймыз.
1 Қазақстанды отарлау саясаты анық Кіші жүзден басталғаны белгілі. Кіші жүздің Ресейге «бодан болуына» қазақ ақсүйектерінің барлығы бірдей көзқараста болмады, оған қарсы болғандар қатарында Батыр сұлтанда болды. Орынбор әкімшілігі Кіші жүзді Ресейге қосуда қазақ ақсүйектерін бір-біріне айдап салып, бөліп ал да билер бер саясатын жүргізді.
2 XVIII ғасырда Кіші жүзбен көршілес Хиуа хандығын қазақ сұлтандарынан шыққан хандар басқарғаны тарихи шындық. Хиуаны билеген Қайып хан Кіші жүз ханы Нұралымен және Ресеймен байланыс жасап, хандықтағы өз ықпалын арттыруды көздеді. Ресей өз мүддесі үшін Батыр мен Әбілқайыр ұрпақтарының бірігіп, күшейіп кетпеуі үшін олардың арасына жік салып, араздастыруды, сол арқылы Әбілқайыр ұрпақтарын өздеріне жақындатуды көздеді.
3 Хиуадан оралған Қайып хан Кіші жүздің оңтүстігі, Сыр бойында тұрақтап Әлімұлы бірлестігін басқарды. Батыр, Қайып хандар Қытаймен байланыс жасады. Нұралы хан Уфаға қуылғаннан кейін Қайып Кіші жүз хан тағына ұсынылды. Сырым батыр бастаған беделді қазақ азаматтары тарапынан Қайып хан қолдау тапты.
4 Қайып ханнан кейін тарих сахнасына оның ұрпақтары көтерілді. Оларда Сырыммен тығыз байланыста болып, елдің тыныштығы үшін орыс үкіметімен қарым-қатынас жасап тұрды. Сыр бойындағы халықтың амандығы оларға жүктелді. Өйткені бұл аймаққа Батыр хан заманынан бастап осы әулеттің билігі мықтап орныққанды.
загрузка...
Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: AgesSa
Просмотров: 1503 | Загрузок: 3 | Рейтинг: 0.0/0
Тут вы можете

скачать 1920-1940 жылдар аралығында

абсолютно бесплатно
Меню


загрузка...
Аудио жазбалар


Ислам


Наш опрос
Оцените мой сайт
Всего ответов: 6609

Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0

Все права защищены, копирование материалов разрешено только с активной ссылкой на этот сайт! © 2016 SiteMap №1 и SiteMap №2